Қарт журналиспен кездесу

Әріптес
Қазақ баспасөзінің ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «КСРО баспасөзінің үздігі» белгісінің иегері,«Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар» т.б. жиырмадан астам тарихи-танымдық кітаптың авторы, журналист-жазушы Тауман Төреханов «АқтөбеМедиа» ЖШС мұражайында облыстық газеттер ұжымымен, өңірдегі қаламгерлермен кездесті.
Кездесуге «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, Т.Төрехановтың ұлы ҒалымбекТөреханов, Астанадан келген журналист Ғалымжан Төреханов, ардагер журналистер Ертай Ашықбаев, Жаңғабыл Қабақбаев, Нұрмұханбет Дияров, т.б. қатысты.
Аудандық «Шалқар» газетін 30 жылдай басқарып, талай жасты журналистика әлеміне жетелеген қарт журналисті бүгінде өздері де ардагер журналиске айналған шәкірттері «Тау аға» деп құрметтейді. Тоқсан жастың бел ортасына келген ақсақал туған жеріне келіп, ата-баба аруағына тағзым етіп, Құран бағыштады.
Серіктестік директоры Р.Отыншин қонақтарды мамыр айындағы мерекелермен құттықтап, Тауман Төрехановтың кеудесіне жүзжылдық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің төсбелгісін тағып, құрмет көрсетті.
Ардагер журналист Жаңғабыл Қабақбаев он алты жасынан бастап еңбекке араласқан қалам иесі туралы естелігімен бөлісті.
— Кешегі кеңестік дәуірдің соңғы тұсында аудандық газеттердің басында тұрған редакторлардың соңғы өкілі — Тау аға еді. Біз — сол кісінің шекпенінен шыққан шәкірттеріміз. Ол кезде алты аудандық газеттің редакторлары — Мұғалжарда Аманбай Көздібаев, Темірде Ұзақбай Қауыс, Алғада Бердібай Кемал, Комсомолда Ғалымжан Төреханов, Шалқарда Мұқанбетәли Есмағанбетов және Қарабұтақта мен — түгелдей Тау ағаның тәлімін көргендер едік. Мен бұл кісінің қарауында 12 жыл қызмет еттім, оған берген тәлім-тәрбиесі үшін алғысым шексіз.
Ол Шалқар аудандық газетін басқарған жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Ауданның бірінші басшысы оның пікіріне құлақ асып, санасатын. Кейін ағамыз Алматыға қоныс аударды. Батыр Есет Көтібарұлын «Дала Геркулесі» деп сипаттап, көпшілікке әйгіледі, — деді ол.
Кездесуге арнайы келген қонақтар Амантай Үмбетайұлы, Жексенби Көптілеу, Арман Бақтыгерей, Раушан Ізтілеуқызы, т.б. кеш иесі туралы пікірлерімен бөлісті. Т.Төрехановтың ұлы Ғалымбек Төреханов қарт журналистің Шалқарға сапары жөнінде айтып, бүгінгі мағыналы кездесу үшін алғысын білдірді:
— Әкемізге құрмет көрсетіп, төрге оздырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Әкеміздің ресми туған күні— 1931 жылдың 15 наурызы. Алайда үлкендер әкем 1929 жылы туған деп отыратын. Демек, жасы тоқсан жетіге келіп қалды.Мен ұзақ жылшет жерде жүрдім — Қазақстаннан кеткеніме отыз жылдан асты. Әкеміздің артында өсіп-өнген бес баласы бар. Үлкен қызы – Мария Германияның Гамбург қаласында тұрып жатыр. Жасы жетпістен асты. Тетелес әпкем — алпыс тоғызда. Үшіншісі — мен, былтыр жолдасым екеуміз әкемізді Америкаға алып барып, Техас штатындағы Даллас қаласында жетпіс бес күн бойы бірге болдық. Әкеміз сол сапарды ерекше ықыласпен еске алып отырады. АҚШ-та тұратын кенже қызы Сәулеге де апарып келдім. Әкеміздің 15 шақты немересі, шөберелері бар, — дей келе Тауман Төрехановтың туған жері Шалқарға сапары жөнінде де сөз қозғады. Бұл жолғы сапарында қарт журналист Есет-Дәрібай кесенесіне барып, аруақтарға Құран бағыштаған, аудандық тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерімен танысып, «Өмірі — өнеге, сөзі — тағылым» атты кездесу кешіне қатысқан.
Кездесу соңында бар ғұмырын шығармашылыққа арнаған қалам иесі өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



