Жаңалықтар

«Дастанның» көмегі

Ақтөбеде демеуші кәсіпкерлер есебінен бос жатқан учаскелер абаттандырылып, шағын аллеялар мен скверлерге айналып жатыр. Соның бірі —  Бөкенбай батыр көшесінің бойындағы, яғни «Дастан» қонақүйінің маңындағы жер.

Бұл жерді «Дастан» компаниясы орындықтар, урналар, street workout (спорт алаңы) қойып, брусчатка төсеп, жарықтандыру, суару жүйелерін орнатып береді.

«Дастан» компаниясының басшылығы қала әкімі Азамат Бекетті жасалатын жұмыс барысымен таныстырды.

— Бұл аумақта әдемі өскен ағаштар бар. Оларға тимей, қайта көбейткен дұрыс. Жапырақтардың саясында тұрғындар демалып отыру үшін орындықтар қойып, балалардың спортпен шұғылдануына воркаут-алаң қойып беру керек. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, бұл аумақта тұрғындарға қолайлы жағдай жасап беруге келісім бергендеріңізге рақмет,—  деді Азамат Бекет.

Ал компания басшылығы жақын күндерде жұмысқа кірісіп, алаңды  абаттандырамыз деп отыр.

— Біз қала әкімі Азамат Бауыржанұлының ұсынысын қабыл алдық. Осыған дейін де бұл жерде өскен ағаштарды біз суарып жүрміз. Енді тағы 785 шаршы метрге ағаш түрлерін егеміз, 345 шаршы метрге брусчатка төсейміз, 65 шаршы метр жерге резеңке төсеніші мен воркаут алаң орнатамыз. Сондай-ақ 90 көлік сыятындай автотұрақ болады. 12 түнгі шам, 12 орындық, 12 урна орнатамыз, —деді «Дастан» компаниясының өкілі ДәуренТасболатов.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button