Жаңалықтар

Ойыннан от шығады…

Айдана АЛТЫБАЕВА,
«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Қазір қоғамда жаңа ұғымдар күн сайын пайда болып, сөздік қорымызға еніп жатыр. Бұрын-соңды естімеген, мағынасы беймәлім атаулар әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігі арқылы санаға сіңіп, қолданысқа еніп келеді. «Тренд», «контент», «пранк» секілді сөздер — солардың қатарында. Олар бүгінде әлеуметтік желіде қаралым жинаудың құралына айналды. Олардың мәнін білмесең, құдды қоғамнан тыс қалғандай күй кешесің.

Мәселен, «пранк» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «әзіл», «қалжың», «келеке» дегенді білдіреді. Әуелде риясыз күлкі сыйлау үшін қолданылған пранк бүгінде шектен шығып, кейде адамға ауыр соққы болып тиіп жататыны бар. Әрине,  қалжыңның орындысы күлдіреді, бір сәт көңіл сергітеді. Бірақ орынсызы бүлдіреді.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде қаралым жинап, танымал болу үшін пранк жасаушылар көбейді. Жарқыраған жазумен «анамды жылатып пранк жасадым», «енеме пранк», «құрбымды қорқыттым» деген бейнероликтер күн сайын таралып жатыр. Жастар үшін бұл қызықты шоу, блогер үшін табыс көзі-мыс. Бірақ біз шынайы өмір мен интернет кеңістігінің арасындағы шекараны ажыратып жүрміз бе?
Той үстінде әдемі етіп безендірілген тортты әдейі құлатып, «пранк» деп артынша тағы бір торт алып шығатын «сценарийлер» көбейді. Қазақ «нанмен ойнама» дегенді бекер айтпаған. Асқа деген құрмет — ата-бабадан жеткен тәрбиенің өзегі. Мұндай «ойындар» дәстүрімізге кереғар, ұрпақ санасында астың қадірін төмендетпейтініне кім кепіл?
Кейде пранк ересектерге де, маман иелеріне де бағытталып жатады. Бір қарағанда қызық көрінетін бейнероликтің артында адамның ішкі күйзелісі, көңіл күйінің бұзылуы, тіпті жүрекке салмақ түсуі де жатыр.
Бірде туысқандар чатына дәрігер болып жұмыс істейтін жеңгемнен келген бейнеролик мені ойландырды. Оқиға былай өрбіген: қарамағындағы медбикелер дәрігерге (жеңгеме) пранк жасауды ұйғарады. Сценарий бойынша бір қызметкері аяқ астынан талып қалады. Ал жеңгем болса кабинетінде науқас қабылдап болып, жұмыс күнін аяқтап, қағаз толтырып отырады.Алаңсыз отырған жеңгеме «шұғыл жетіңіз» деген қоңырау түседі.Оқиға орнына жеткен ол талып жатқан қызметкерді көріп, алғашқы көмек көрсете бастайды. Қатты уайымдап кеткені көрініп тұр. Себебі қасындағы медбикелердің алаңсыз екенін сезіп те тұрған жоқ. Енді бірі осы оқиғаны телефонға түсіріп әуре.Алғашқы көмек кезінде ес жинамаған медбикенің қан қысымын тексермек болып, жан ұшыра жүгірген жеңгеме «пранк» деп бір құшақ гүлді ұсынған әлгі «науқас» орнынан атып тұрмасы бар ма?!

Қойылымдарының сәтті шыққанына қуанып әлек әлгілер. Бірақ жеңгем біраз уақыт өз-өзіне келе алмай тұрғаны видеода анық көрінеді. Осындай мысалдардан кейін, пранктың адам психикасынакері әсер ететінін көруге болады. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәрбиеші, құтқарушы сияқты жауапты салада жүрген мамандардың сенімін әлсіретіп, эмоционалды күйін бұзу — олардың кәсібіне де, көңіліне де ауыр тиетіні сөзсіз.
Бала күнімізде лагерьдегі достарымыздың бетіне тіс пастасын жағып кететін едік қой. Сол кездегі әзілдерде балалықтың белгісі, шынайылықтың көрінісі бар еді. Ал қазіргі пранктаркамераға түсіріліп,әлеуметтік желілерге жарияланып жатады. Мұның әсері тек әзілмен шектелмей, адамның абыройына, көңіл күйіне, тіпті өміріне әсер етіп жатыр. Кейбір пранктар әдеп пен ардан аттап кететіндей шегіне жетті.
Қалжың күлкі сыйлауға тиіс, бірақ күлкі үшін адамға зиян келтіруге болмайды. Әлеуметтік желіде танымал болу үшін өзге адамның сезімін таптау — нағыз мәдениетсіздік. Әзіл— шекарадан аспаған кезде ғана жақсы.
Мен бұл қалжың арқылы пранктың кейбір адамның өміріне қауіп төндіре ме деген ой келеді.Тек әр әзілдің артындаадамның нәзік жүрегі мен көңілі барын әр пранк жасаушы естен шығармаса екен деймін. Біз — мейірімділікті, адамгершілікті ту еткен халықпыз. Қазақы қалжыңның өзінде де ілтипат, терең ой, астарлы мән бар еді. Ал қазіргі әзілдің (пранктың) «қасақана» әрекеттері қалыпқа айналып бара жатқаны көңілге кірбің түсіреді…

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button