Су айдындары тазартылып, балықтар қорғалады

Акция
Өңірде «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы өтіп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
— Уылдырық шашу және көбейту кезеңінде облыс аумағындағы су айдындарында балық ресурстарымен басқа да су жануарларын аулауға болмайтынын ескертеміз.1 ақпаннан 5 маусымға дейін шаян аулауға,
10 сәуірден 10 мамырға дейін шортан, көксерке, берiш, аққайран, ақмарқа, қызыл көз, торта, алабұға, тұрпа, тарақ балықтарын аулауға тыйым салынады. 10 мамыр мен 5 маусым аралығында сазан (тұқы), мөңке, оңғақ, жайын, қызыл қанатты шұбар балық, айнакөз, табан балықтарын аулауға болмайды. Балық аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 100 айлық есептік көрсеткіштен астам зиян келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан балықшыларды балық аулау ережелерін және балық ресурстарын пайдалануға белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға шақырамыз, — деді Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Береке Тоғаев.
Облыс аумағында10 сәуірден 5 маусымға дейін «Уылдырық шашу-2025» балық қорғау акциясы өткізіліп жатыр. Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде инспекция қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, балық ресурстарын аулау құралдарын сатуды жүзеге асыруға жол бермеу жөнінде тұрғындар мен жеке кәсіпкерлік субъектілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сауда орындарында рейдтік іс-шаралар өткізіп жүр.
Сондай-ақ балықтардың уылдырық шашатын мезгілінде олардың тіршілік ету ортасын қорғап, көбеюіне жағдай жасау мақсатында «Таза су айдындары» акциясы өтіп жатыр. Аталған акцияға инспекция, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, студенттер мен оқушылар, табиғат пайдаланушылар мен еріктілер қатысады. Акция барысында су айдындарына тасталған аулардан, жағалау аумағын тұрмыстық қоқыс пен қатты қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.