Мемлекеттік басқару академиясында оқудың артықшылықтары

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «2025-2026 оқу жылына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратура және докторантурасына оқуға қабылдау туралы» айтылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Сәдуақасованың айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжаттарды қабылдау 1 сәуірден басталған.
25 маусымына дейін жалғасатын құжат қабылдау ісі Admission ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта жүргізіліп жатыр.
— Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды, оның ішінде 9-ы – магистратура, 3-еуі – докторантура бағдарламалары.
Магистратура бағыттары: мемлекеттік басқару, мемлекеттік саясат, халықаралық қатынастар, экономика, өңірлік даму, адами ресурстарды басқару, цифрлық мемлекеттік басқару, сонымен қатар модульдік оқыту негізіндегі екі бағдарлама — мемлекеттік басқару және өңірлік даму. Докторантура бағыттары — мемлекеттік басқару, экономика және халықаралық қатынастар. Биыл магистратураға — 120, докторантураға 12 мемлекеттік грант бөлінді, — деген С.Сәудақасова биылғы қабылдау науқанының басты жаңалықтары мен өзгерістеріне тоқталды.
Ең маңыздысы — жаңа «Цифрлық мемлекеттік басқару» магистратура бағдарламасының іске қосылуы. Бұл бағдарлама цифрлық шешімдер әзірлеу, мемлекеттік секторда цифрлық трансформацияны басқару және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мамандар даярлауға бағытталған. Бағдарламаға кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар және бейінді жоғары білімі бар азаматтар қатыса алады.
Сондай-ақ биыл мемлекеттік қызмет өтіліне қойылатын талаптар артты: барлық магистратура бағдарламалары үшін кемінде — үш жыл, «MPA – Мемлекеттік басқару» бағдарламасына — бес жыл, ал «MPP — Мемлекеттік саясат» бағдарламасына төрт жыл еңбек өтілі қажет. Ақылы негізде оқуға түсушілер қатары кеңейді, енді мемлекеттік қызметшілермен қатар, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері де қатыса алады.
— Сонымен қатар әр бағдарламаға сәйкес салаға қатысты нақты талаптар енгізілді. Бұл өзгерістер магистратура мен докторантура бағдарламаларына үміткерлерді сапалы іріктеу мақсатында енгізілді.
Үміткерлер мемлекеттік органның жолдамасы (мемлекеттік қызметшілер үшін), жеке куәлік, диплом мен қосымша, мемлекеттік тілді меңгеру туралы QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты, халықаралық тіл сертификаты (кейбір бағдарламалар үшін), еңбек өтілін растайтын құжаттар, докторантура үшін ғылыми-зерттеу жоспары және электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған өтініш секілді құжаттарды тапсыруға тиіс, — дейді С.Сәдуақасова.
Іріктеу екі кезеңнен тұрады. Дәстүрлі оқу процесі 1 қыркүйекте басталады.
— Мемлекеттік басқару академиясында оқудың артықшылықтары көп, бұл кәсіби дамуға, шетелдік тағылымдамадан өтуге, ғылыми зерттеулермен айналысуға, беделді профессорлардан білім алуға және болашақ мемлекеттік басқарушылармен бір қауымдастықта болуға зор мүмкіндік. Академия студенттері мемлекеттік қызметтегі жалақысына тең стипендия алады және «Жас мемлекеттік қызметшілер үйінде» тұруға құқылы, — дейді С.Сәдуақасова.
Толық ақпарат пен талаптар академияның ресми сайтында (apa.kz) және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланған.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.