Қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Тілсіз жау
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жазғы кезеңде өрттің алдын алуға дайындықты пысықтауды әлдеқашан бастады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов өрт қауіпті кезеңде құтқару қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілгенін айтты.
— Облыс аумағында қауіпті кезеңде 73 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейтін болады. 178 елді мекеннің өрттен қорғалуы қамтылып отыр. Екі мыңға жуық ерікті орман-дала өртін сөндіруге арналған жабдықтармен жабдықталған, — деді Айбат Жаңабергенов.
Оның айтуынша, облыс аумағында 157 өрт тіркелді, салдарынан 2 адам қайтыс болып, 5 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Материалдық шығын көлемі 39 млн теңгеден асқан.
Жүргізілген рейдтердің нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұлдың жалпы көлемі — 668 440 теңге.
Тұрғын аймақ шегінде қоқысты жағу сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 78 мың теңге (20 АЕК), кәсіпкерлерге 786 мыңнан (200 АЕК) 1 млн 800 мың теңгеге дейін ірі кәсіпкерлік үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Айбат Жаңабергеновтың айтуынша, тұрмыстық және дала өртінің себебі көбіне адами факторлар салдарынан болады. Сондықтан тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, әсіресе саяжайлар мен егістік алқаптарда құрғақ шөптерді өртеуге, темекі тұқылдарын өшірмей тастауға, тұрғын үйлердің маңында қоқыстарды жағуға қатаң тыйым салынатынын, тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.