Жаңалықтар

Ақтөбенің кешенді дамуы талқыланды

Қала

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды.

Күн тәртібінде қаланың өзекті мәселелері, сондай-ақ оларды шешу жолдары қаралды. Әсіресе облыс орталығын абаттандыру арқылы қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру жобаларына баса назар аударылды. Сондай-ақ қала маңындағы жаңа елді мекендерді инфрақұрылым желілерімен қамту жұмыстары, оның ішінде жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үй құрылысы және басқа да шаһар тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар жайы сөз болды.

Бүгінде қала аумағында 54 тұрғын алап бар. Оның 46-сы электр және газ желілерімен, 37-сі су жүйесімен қамтылған. Халықты қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз ету мақсатында 24 жобаға 13,9 млрд теңге қаржы бөлініп отыр.

Қала әкімі Азамат Бекет соңғы жылдары бой көтерген тұрғын алаптары мен шағын аудандарға инженерлік желілер тарту мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді. Себебі жаңа елдімекендерге тұрғындар қоныстанып жатыр. Атап айтсақ, биыл Жаңақоныс-4, Оңтүстік-Батыс, Рауан-2, Сарбаз, Жаңа ауыл-1 елдімекендеріне электр желісін тарту жобалары аяқталатын болады. Ал Сазды-3, Батыс-3 тұрғын алаптарында басталатын жұмыстар ауыспалы жоба болуына байланысты келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ биыл Парасат, Шилісай-1,2, Думан, Қарғалы тұрғын алаптарына су желілері және Батыс-3 шағын ауданына кәріз желілері тартылатын болады.

Одан бөлек Бауырластар-3,5, Жаңақоныс-3,4, Жаңа ауыл-1,2,3, Ақшат-2 тұрғын алаптарында жерасты су көздерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал Ақжар плюс, Рауан-2, Жаңақоныс-4, Жаңа ауыл-1, Оңтүстік-Батыс, Баянауыл-1 және Жарық тұрғын алаптарында газ желісінің құрылысы аяқталады.

— Қала әкімдігі үшін Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық акциясын басшылыққа алу —облыс әкімі қойып отырған ең негізгі талаптың бірі. Қала тазалығын ұдайы қамтамасыз ету мақсатында тротуарлар мен жолдарды күтіп ұстауға арналған арнайы техника паркі толықтырылуда. Бұл ретте лизинг арқылы қосымша 43 арнайы техника алу жоспарлануда. Сондай-ақ биыл көпқабатты100 тұрғын үйдің ауласы жөнделеді, қала бойынша 50 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер жолы салынып, ағын сулардың алдын алу мақсатында Илецкая, Авиатор және 11-шағын ауданындағы еріген суларға арналған дренаждық жүйелер құрылысының жұмыстары жалғасады.

Оған қоса тұрғындардың жаппай жиналатын Абай гүлзарында жайлы демалыс ортасын қалыптастыру мақсатында сол жердегі субұрқақ жөндеуден өтеді. Нәтижесінде қала бойынша биыл 19 субұрқақ іске қосылады, — деді Азамат Бекет.

Тұрғындардың сұранысы бойынша ескі қаланың тарихи орталығы — Пушкин атындағы саябақты қайта жаңғырту бойынша жоба әзірленіп, сараптамаға ұсынылды.Тәуелсіздік даңғылында ERG компаниясының демеушілігімен тұрғындардың демалуы үшін аллея салынуда. Жұмыстар 2024 жылы басталды. Биыл Ә.Молдағұлова даңғылы мен М.Шоқай көшелері арасындағы жол бөлігі пайдалануға беріледі. Жобаның толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.

Абаттандыру жобаларын кешеуілдетуге болмайды. Биыл жоспарланған жұмыстар уақтылы жүзеге асырылуға тиіс. Қазір қаланы дамытуға бағытталған жоспарымызға ірі кәсіпорындар, жанашыр азаматтар мен кәсіпкерлер өз үлестерін қосуға ниеттеніп отыр. Бұл— қуантарлық жағдай. Енді қала басшылығы осы оңтайлы келісімдерді қолайлы пайдаланып, жұмысты жүйелі ұйымдастыруы керек, —деді Асхат Шахаров.

Айта кетсек, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес қала әкімдігі 11 бос кеңістікті демеушілер есебінен саябақтар мен шағын скверлер ретінде абаттандыруға кірісті.

М.Мәметова мен Әз Наурыз көшелерінің қиылысында қазіргі таңда бос жатқан алаңға көлемі 5 мың шаршы метр болатын жаңа сквер салынады. Сәңкібай батыр даңғылы, 52 Б мекен жайында қараусыз бос жатқан жерде көлемі бір гектар болатын желілік демалыс паркінің құрылысы басталды. Сондай-ақ Есет батыр тұрғын алабындағы №78 мектеп алдындағы 1,5 гектар жер учаскесіне тұрғындардың сұрауы бойынша жаңа саябақ, автовокзал аумағындағы 4 мыңшаршы метр жер учаскесіне субұрқақ пен саябақ салынады. Бұдан бөлек Әбілқайыр хан даңғылында, «Космос» аялдамасының маңындағы көлемі 800 шаршы метр жер учаскесін де кәсіпкер өз қаражатына абаттандырады. 11-шағын аудандағы «Теңге паркі» аумағына балалар және спорт алаңы салынып, шағын саябақ қайта жаңартылады. Ал Мәңгілік ел,Мұстафа Шоқай көшелерінің қиылысында басталған саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан Пацаев ескерткішінің артындағы бос учаскеге жастарға арналған заманауи скейт-парк салынады.

Бүгінде бюджеттен тыс қаржыландыру есебінен аялдама павильондарын жаңа форматқа ауыстыру бойынша жұмыстарда атқарылуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін қала бойынша 50-ге жуық жаңа жылы аялдама орнатылып, вандализмнен немесе тозудан зардап шеккен 100-ге жуық аялдама жөнделеді.

Ақтөбеде қаланы абаттандыруға бағытталған оңтайлы жобалардың бірі — «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Соңғы жылдары тұрғындар өз таңдауларымен жүзеге асқан жобаларды игіліктеріне пайдаланып отыр. Оның ішінде балалардың ойын және спорт алаңдары, саябақтар, тротуарлар салынды. Биыл да осы бағдарлама аясында әртүрлі 77 жоба жүзеге асырылады.

Тұрғындарды баспанамен қамту бағытында да бірқатар жоспарлар назарға алынған. Биыл 13 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде жыл соңына дейін 8 көп қабатты тұрғын үй мен 140 орындық жатақхана құрылысы аяқталып, 110 мың шаршы метр болатын 1602 пәтер қолданысқа беріледі. Жыл соңына дейін Есет батыр тұрғын алабында кітапханасы бар 400 орындық және Жаңақоныс тұрғын алабында 150 орындық Мәдениет үйлері,№21орта мектеп алаңында және Жаңақоныс тұрғын алабында денешынықтыру- сауықтыру кешендері өз жұмыстарын бастайды.

Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі:

Жұмыс нақты, үйлесімді және жүйелі болуы керек. Қаланы дамыту бағытындағы жұмыстар жоспар күйінде қалмауы керек, оның нәтижесін тұрғындар көріп, сезінуге тиіс, —деді.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button