Жаңалықтар

Депутаттар кәсіпорындарды аралады

Мәслихат

Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева бастаған топ «Қазақ зағиптар қоғамы» мен «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалдарының оқуөндірістік базаларын аралады.

Топ құрамында облыстық мәслихат депутаттары Айгүл Дүйсенова, Айгүл Нұркеева, Шахан Жолдасбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев,өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Дидар Боранқұлов,облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Арман Елдесов бар.

Ең алдымен топ мүшелері көру мүмкіндігінен айырылған жандар жұмыс істейтін тігін цехын аралады. Қазір мұнда 35 адам жұмыс істейді.Олардың 70 пайызға жуығы — көз жанарынан айырылған жандар.

Кәсіпорын басшысы Дәметкен Жалмағамбетованың айтуынша, мекеме бүгінде толығымен өзін-өзі қаржыландырып отыр. Мұнда, негізінен,тігін және қағаз пакеттер шығаратын цех жұмыс жасайды.Оларда төсек-орын жабдықтары (жастықтар, көрпелер, матрацтар), сүлгілер, майлықтар, жұмыс қолғаптары және қағаз пакеттер шығарылады.

Тігін және қағаз пакеттер өндіретін цехымыз бар. Қазір өнімдерді өткізу жағынан бірқатар қиындықтар болып тұр. Соған қарамастан, мұндағы азаматтар тынымсыз еңбек етуде. Қазір нарықта бәсекелестік көп, сол себепті біздің өнімдерімізге сұраныс аз. Әрі жыл сайын шикізаттың да бағасы қымбаттап жатыр. Біз мүмкіндігінше тапсырыс берушінің көңілінен шығуды ойлаймыз. Қазір қағаз пакеттер өндіретін цехта 4 адам жұмыс істеп жатыр. Мұнда экологиялық таза пакеттер өндірісі қолға алынған.Өндіріс аппаратының қуаттылығыкүніне 50-60 мың дана экопакет шығарады, — дейді ол.

Көзі көрмесе де,кәсіпорын жұмысына басшылық етіп жүрген Дәметкен Сапарғалиқызы депутаттарға бірқатар мәселені жеткізді. Біріншіден, цех ғимараты тозып тұр. Екіншіден, мұнда жұмыс істейтін зағип жандардың жалақысы аз. Мәселен, цех жұмысшыларының орташа жалақысы — 125 мың теңге. Үшіншіден, кәсіпорын аумағын тазартып, абаттандыру керек. Көзі көрмейтін жандар тазалық жұмыстарымен айналыса алмайды.

Тігін цехында жұмыс істейтін Жұмахмет Сәрсенбаев кәсіпорын аумағын асфальттау және ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу керектігін айтып, топ мүшелеріне өз тілегін жеткізді.

Осы мекемеде 1978 жылдан бері жұмыс істеймін.1991 жылдан бері тігіншілікпен айналысамын. Жасым — 65-те, 1-топ мүгедегімін. Бала кезімде екі көзіме әйнек тиіп, содан қос жанарым көрмей қалған. Зайыбымның да көзі көрмейді, қазір үйде отыр. Отбасында үш бала өсірдік, солардан үш немере сүйіп отырмын, — деді ол.

Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева цех жұмысшылары көтерген мәселелерді назарға алды.

Біз кәсіпорын жұмысымен танысуға келдік. Мұндағы басты мақсатымыз— сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді тыңдау. Сіздер— ерік-жігері мықты, еңбекқор жансыздар. Он екі мүшесі сау азаматтар сіздерден үлгі алуы керек деп ойлаймын. Сондықтан сіздерге жаңа табыстар мен жақсылықтар тілеймін, — деді облыстық мәслихат төрағасы.

Бұдан кейін депутаттар «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының оқу-өндірістік мекемесіне барды.

Мекеме цехы бүгінде қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, дегенмен соңғы жылдары тапсырыс беретіндер азайған.

Кәсіпорын директоры Людмила Казанецтің айтуынша, мұнда жұмысшыларға арналған сөмкелер, қолғаптар, арнайы киімдер, сондай-ақ төсек-орын жабдықтары өндіріледі. Шығарылған өнімдерді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Дөң тау-кен байыту комбинаты, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және «Ұлы қабырға» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сатып алады.

Цехымызда 46 адам жұмыс істейді. Оның 29-ы — есту қабілеті бұзылған азаматтар. Қазір мекеменің сумен жабдықтау жүйесі тозып тұр. Сондай-ақ мекеме орналасқан көше жолына жөндеу жүргізіп, тротуар салынса деген тілегіміз бар, — деді ол.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан топ мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандар көтерген мәселелердің шешілуіне ықпал ететіндерін жеткізді.

Айта кету керек, өткен сенбіде облыстық мәслихат депутаттары мен өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдері «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының оқу-өндірістік базасы аумағын күл-қоқыстан тазартты. Жиналғандар ағаштардың бұтақтарын жинап, талдарды әктеді, кәсіпорын айналасын сыпырды.

Халық қалаулыларының қамқорлығына риза болған кәсіпорын жұмысшылары алғыстарын айтты.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button