Жаңалықтар

Рухани жаңғырудың жарқын көрінісі

Ұлттық кітап күні

Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағында Ұлттық кітап күніне орай

«Кітап — даналықтың кілті» тақырыбында кітап фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, кітапсүйер қауым мен мектеп оқушылары қатысты. 

Фестивальдің негізгі мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарын кітап оқуға баулу, жастардың рухани мәдениетін арттыру, олардың шығармашылық қабілетін дамыту. Сонымен қатар заманауи және классикалық әдебиетті насихаттау, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Былтыр Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынған болатын. Бұл — еліміз үшін аса қажетті, мән-мағынасы терең мереке.Кітап — білім бұлағы. Ал білім — ел болашағының негізі. Қазіргі заманда төр — білімді елдікі. Жаһандану дәуірінде білімді, парасатты қоғам ғана өзге елдермен терезесі тең бола алады. Сондықтан кітапты қадірлеу, оның құндылығын ұлықтау — мемлекет үшін де, ұлт үшін де маңызды міндет.

Кітап — тек ақпарат көзі ғана емес,  адамды рухани байытып, ой-өрісін кеңейтетін, интеллектуалды тұрғыда кемелдендіретін тәрбие құралы. Дұрыс таңдалған кітап адамды парасатқа бастайды, ұлтты ынтымақ пен бірлікке үндейді. Бұл мереке мемлекеттің рухани саясатын жүзеге асыруда да маңызды рөл атқарады.

Кітап — адамзатпен бірге жасап келе жатқан рухани мұра. Ол — өткен тарих пен бүгінгі шындықты келешек ұрпаққа аманаттайтын алтын көпір. Біз кітап арқылы көне замандардағы Аристотель ілімінен бастап, түркі әлемінің жарық жұлдызы Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін, әл-Фарабидің даналық трактаттарын, ақын-жыраулардың өсиеттерін, Абайдың кемел ойларын бүгінге жеткізіп отырмыз. Мұның бәрі — ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен бабалар сөзі.Сондықтан Ұлттық кітап күні — еліміздің рухани өркендеуіне, оның ішінде интеллектуалды жетілуіне үлкен септігін тигізетін маңызды қадам. Бұл мереке өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырып, білімге, парасаттылыққа бастайтын жарқын жол болсын, — деді философия ғылымының докторы, профессор Алтай Тайжанов

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара аясында кітаптың адам өміріндегі маңызын насихаттау, жас ұрпақты көркем әдебиетке қызықтыру, сондай-ақ олардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге ынталандыру көзделді.

Кітап фестиваліне келген қонақтар ашық аспан астында әдеби шығармалармен танысып, кітап оқу мәдениеті туралы пікір алмасты. Бұл бастаманың басты мақсаты — өскелең ұрпақтың рухани дамуына әсер ету.

Кітап күнінде Астана саябағында тоғыз шығармашылық алаң жұмыс істеді. Онда түрлі ойын-сауық бағдарламалар, кітап көрмелері ұйымдастырылып, «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы өткізілді.Балаларға арналған ерекше бағдарламалар да қарастырылған. Мәселен, «Ертегілер елінде» алаңында өткен «Кітаптан асқан дана жоқ» атты әдеби-танымдық шарада оқырмандар сүйіп оқыған шығармалары туралы әңгімелеп, балаларға арналған қазақ халық ертегілері — «Түлкі мен Қоян», «Шалқан», «Аю мен Маса» сахналанды. Ертегі кейіпкерлері балалармен бірге қызықты викториналар өткізіп, түрлі қимылды ойындар ұйымдастырды. Ақтөбе қаласындағы №20 орта мектеп-лицейінің «Бірлік» театры М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан «Абай оқудан қайтқанда» және «Тоғжан мен Абай» үзінділерін сахналады. Бұл қойылымдар көрерменге ерекше әсер қалдырды.«Ұлт жауһарлары» алаңында биылғы атаулы күндерге арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға мазмұнды ақпарат ұсынылды. Ал «Коворкинг» аймағында эко-лото, «Крокодил» ойыны, асық сияқты ұлттық және заманауи қимылды ойындар өткізілді. Сонымен қатар «Библиокафе» алаңында QR кітаптар мен жаңа электронды кітаптар таныстырылып, сұрақ-жауап, сөзжұмбақ, ребус ойындары ойнатылды.«Дебат» жастар алаңында жоғары сынып оқушылары мен жастардың қатысуымен өзекті тақырыптар төңірегінде пікірталас өтті. «Пресс-студияда» зиялы қауым өкілдерімен подкаст жазылып, «Поэзия» алаңында мектеп оқушылары мен қала тұрғындары өлең оқыды.

Бұл іс-шара жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Біз осындай бастамалар арқылы қоғамда оқу мәдениетін дамытуға үлес қосуды мақсат етеміз, — деді «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлнара Сәлиева.

Фестивальде қалалық кітапхана өкілдері өздерінің визиткалары мен жарнамалық буклеттерін, QR-код арқылы оқылатын кітап белгілерін таратты. Өйткені жаз айларында әр аптаның сенбі күні түрлі ашық алаңдарда Кітап оқу күндері ұйымдастырылатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button