Жаңалықтар

400 адам тест тапсырады

Тіл

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеу өтті. Іс-шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.
Диагностикалық тестілеуде жалпы 400 адамды қамту жоспарланған. Тестілеуге мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен бюджеттік сала, ұлттық компания қызметкерлері қатысты.
Аталған іс-шара елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының міндеттерін жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр.
— Ақтөбеде «ҚАЗТЕСТ» бойынша тестілеу үш күн өтеді. Мақсат — мемлекеттік тілдің осы аймақтағы деңгейін анықтау. «ҚАЗТЕСТ» тестілеуінің екі түрі бар: диагностикалық және сертификаттық. Сертификаттық тестілеуді жеке адам ақылы түрде тапсырады. Ал диагностикалық тест еліміздегі барлық қызметкерді қамтиды. Жалпы, мемлекеттік тілдің қандай деңгейде екенін осы тест арқылы анықтап отырамыз. Тест ақпаратын Қазақ тілі комитетіне береміз. Олар әрі қарай оқыту, дамыту бойынша жұмыс жүргізеді. Жалпы, ақтөбеліктердің мемлекеттік тілді меңгеруі, құжат айналымын жүргізу деңгейі ортадан жоғары, — деді Ұлттық тестілеу орталығы «ҚАЗТЕСТ» басқармасының бас сарапшысы Сәния Сердалина.
«ҚАЗТЕСТ» — халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтсақ, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген, азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button