Жаңалықтар

ОТАМАЛЫ немесе бесқонақ тұсындағы сөз

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Әдетте осы бір тұста менің ойыма жазушы Тобық Жармағамбетовтің «Отамалы» атты жан тебіреністі туындысы оралады.

Қазақта «Сәуір айы — тәуір ай» деп жақсылыққа қарай бет бұрамыз. Дегенмен күн жылынып, жер қарайып, бусанған топырақты жарып көк шыға бастаса да, көңілде бір қауіп, бір қобалжу тұрады. Ол бесқонаққа байланысты.

Негізінде сәуірдің бесінші жұлдызынан бастап бес күн бойы ай тоғысады. Қазақ әлмисақтан-ақ осы күндерге қатысты алдағы бір жылдың ахуалын болжаған. Бір қызығы, осы мерзім әр өңірде әрқилы. Ал батыс аймағында сәуірдің он үші мен он сегізі арасы бесқонақ деп аталады.

Негізінде, бесқонақ келгенде күн суытып, ауа райы күрт өзгереді. Берісі жаңбыр себелеп, кейде борасынды қарға да ұласады. Мұндайда мал баққан адам аңысын аңдап, табиғаттың қабағына қарайды.

Осы тұста «Отамалыны» оқып көрелік: «Бұл аңыз көктемде қар еріп, жер жалаңаштанғаннан кейін кенеттен ызғырықтың қайта соғып, боран қақап кеткенінде еріксіз еске түседі».

Жазушы нақ осы кезді есімізге салып отыр. Қаламгер Отамалы есімді қойшының өмірі арқылы оның табиғаттың тылсым сырын ұғына білуін есімізге салады. Бірақ қатыгез бай оның айтқандарына иланбайды. Көзбе-көз ақырған боранның астына айдап салады. Сол бес күнгі азап пен қиналыс, адам мен тіршілік ақиқаты алдымыздан көп шындықтың бетін ашады.

Бесқонаққа байланысты ел ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан аңыз әңгімелер аз емес. Соның бірі мынадай: «Бір ауылдан шыққан бес жолаушы күн жылынғанын көріп, жаз шыққан екен деп жеңіл киімдерімен көрші ауылға қарай қонақ болуға беттейді. Алайда олар жол ортасына келгенде күн кенеттен бұзылып, қар борап жауып, қақаған қыс қайта орнағандай жағдай орын алады. Сөйтіп, олар жол үстінде табиғат қысымына шыдай алмай дүниеден өтеді. Содан бастап осы күндер бесқонақ аталып кетіпті-міс». Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда» деген түсінік беріледі.

Осындай себептерге, өмір тәжірибесіне байланысты қазақтар осы шаманы өліара деп атаған. Сондықтан да бұл тұста етек-жеңін қымтанып, сақтанып отырады жұртшылық. Әсіресе төрт түлік өргізіп отырған малшы қауымы ерекше сергек болады. Көбіне осы уақытта қой қоздайтын болғандықтан шопандар қыстақ маңынан ұзай алмай, кешеуілдей беретіні бар.

Қазақтың біртуар данасы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев кезінде: «отамалы, сәуірде қой қоздайды» деп айтқан екен. Сол біз айтып отырған өліара кезеңге ерекше мән бергендігі шығар, сірә.

…Жер-Анадан қашанда ырыс-береке күтетін диқан қауымы осы бесқонақта жаңбыр ырымдаса екен деп отырады жыл сайын.

Әдетте бес күн ерте, бес күн кеш келе береді деп болжамдалатын осы ауқымдағы табиғат құбылысы алдағы көп жайдың басын ашып береді. Бұл ретте биылғы бесқонақ ел үмітін алдамаған сынды.

Ендеше, жақсы үмітімізді үкілей берейік.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button