Мақсат — тыңдау, түсіну және қолдау

Инфрақұрылымды дамыту, жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар салу, кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарды қолдау — облыстық мәслихат депутаттарының Алға ауданы тұрғындарымен кездесулері барысында негізінен осы мәселелер талқыланды.
Еңбекпен қамту: кімге қандай көмек бар?
Ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың жағдайын өздерінен есту, өзекті мәселелер төңірегінде ашық әңгімелесу — облыстық мәслихат жұмысының барысында жолға қойылған үрдіс. Депутаттар былтыр да, биыл да халықты толғандыратын жайттардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмау үшін аудандарға, оның ішінде ауылдық округтерге де барып, кездесулер өткізіп жүр. Мұндағы мақсат — жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігімен танысу ғана емес, тұрғындардың өз аузынан естіген мәселелердің қайсысын жедел түрде шешуге болатынын, ал қандай жағдайда жүйелі жұмыстардың керектігін нақты анықтау. Жуырда Алға ауданының орталығы мен Тамды ауылында да осындай жиындар өтті: облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық мәслихат депутаттары — Айгүл Дүйсенова, Самат Қалдығұлов және Айгүл Нұркеева, «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлік палатасының директоры Дидар Боранқұлов және еңбек мобильдігі орталығының бөлім басшысы Жадыра Кенжебаева тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, алдағы даму жоспарларын талқылады.
Жұмыс сапары Тамды ауылынан басталып, депутаттар алдымен балабақшаға барды. Қазір мұнда 50 бала келіп жүр екен, тағы 30 бала кезекте тұр. Балабақшада тәрбиеленушілерге жағдай жасалған, дегенмен оны әлі де жақсарта түсу, барлық тілек білдірушілерді қамту үшін нысанға күрделі жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет.
Ауылдағы Мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесуде облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаевахалықты еңбекпен қамту және жұмыссыздықты азайту үшін жүйелі істердің керектігін атап өтті. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмауға тиіс. Олар өз мәртебесін тіркеуден өткізсе, медициналық қызметке де қол жеткізе алады. Басқаша айтқанда,өз ісін «көлеңкелі» түрде жүргізуді тоқтату қажет. Бұл әлеуметтік қорғауға және тиесілі қызметтерге басқалармен тең дәрежеде қол жеткізуге жол ашады.
Еңбек мобильдігі орталығының бөлім басшысы Жадыра Кенжебаева да осы тақырыпты жалғап, бүгінде жұмыссыздарды қолдау, еңбекпен қамту ісінің бірнеше бағытта жүргізілетінін айтты. Оның ішінде жұмысқа уақытша немесе біржола орналастару мүмкіндіктері қарастырылған.
— Айталық, қоғамдық жұмыстар бағдарламасы арқылы жеткізуші, абаттандыру бойынша жұмысшы немесе құжат жүргізуші жұмыстарына уақытша орналасуға болады.Оның ұзақтығы — бір жылға дейін, ал еңбекақы толықтай мемлекет есебінен төленеді, — деп түсіндірді бөлім басшысы.
Сонымен қатар жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасына қатыса алады. Бұл жағдайда еңбекақының бір бөлігін (94 мың теңгеге дейін) — мемлекет, ал қалған бөлігін жұмыс беруші төлейді.
Тамды ауылында әлі шешілмеген мәселенің бірі — жолдар. Ауылішілік жол желісінің жалпы ұзындығы 14,5 шақырым болса, оның тек 3,8 шақырымына ғана асфальт төселген. Алайда одан әрі абаттандыру жұмыстары жергілікті бағдарламалар аясында жүргізіле береді.
Жастарға арналған өз алдына бірнеше бағдарлама бар. Мысалы, ЖОО немесе колледждердің оқу бітіргеніне 5 жылдан аспаған, бірақ тәжірибесі жоқ түлектері жастар тәжірибесінен өте алады. Оның мерзімі — 1 жыл, айлық көлемі 117 мың теңгеден басталады.
— Сонымен бірге «Алғашқы жұмыс орны» аталатын жоба бар. Бұл — 35 жасқа дейінгі, кәсіби білім де алмаған, еңбек тәжірибесі де жоқ жастарға арналған жоба. Олар жұмысқа орналасқаннан кейін бастапқы бір жарым жылда еңбекақысын мемлекет төлейді, одан кейін жұмыс беруші кем дегенде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы керек, — деді Жадыра Кенжебаева.
«Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасының аясында зейнеттік демалысқа шығатын уақыты таяу еңбеккердің өз ісінің қыр-сырын жас мамандарға үйретуі қарастырылған. Бұл жерде мемлекет жас маманды алғашқы алты айдың еңбекақысымен қамтиды, одан әрі ол босаған орынға орналаса алады.
50 жастан асқандар да қолдаусыз қалмайды. Олар үшін «Күміс жас» бағдарламасы бойынша еңбек орындары құрылып, еңбекақы мемлекет тарапынан ішінара (60-70 пайыз көлемінде) субсидияланады.
— Бұл бағдарламалардың ортақ мақсаты — азаматтардың еңбек етіп, тұрақты табыс табуына, ертеңгі күнге сеніммен қарауына мүмкіндік беру, — деп атап өтті орталықтың өкілі.

Ауылдың мұң-мұқтажы
Тамды ауылдық округіне Тамды, Еркінкүш және Талдысай ауылдары қарайды. Округтегі елді мекендер инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған. 2010 жылы — Тамды, одан кейін Еркінкүш (2022 жыл) пен Талдысай (2023 жыл) орталық сумен қамту жүйесіне қосылды. Барлық үйде газ бен электр жарығы бар. Негізгі мобильді операторлар жұмыс істеп тұр, кейбір шектеулерге қарамастан, интернет те қосылған.
Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев округтің әкімшілік орталығы — Тамдының даму әлеуеті бар, тірек ауылдардың тізіміне енгенін атап айтты. Аудан орталығынан 9 шақырым ғана жерде, ал облыс орталығынан 59 шақырым қашықтықта орналасқан Тамды — ауданның әлеуметтік-экономикалық құрылымында маңызды орны бар елді мекен. Ауылдық округтің жалпы ауданы 54 810 гектар болады.
Тірек ауыл мәртебесі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды ғана білдірмейді, сонымен бірге ауыл тұрғындарына үлкен жауапкершілік те жүктейді. Ал Тамды тұрғындары белсенді, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға келгенде, ынтымақтастыққа, құлшына кірісуге әрдайым дайын.
Кездесуде Тамды ауылдық округінің әкімі Амангелді Сейдуәлиев екі өзекті мәселені баса айтты. Біріншіден, округтің бүкіл электр желісін өз балансына алған қуатпен қамту ұйымдары тиісті деңгейде қызмет көрсетпейді. Электр қуаты үшін бекітілген ақы «Энергосистема» ЖШС-на төленеді, алайда апатты жағдайларда, әсіресе ауа райы бұзылғанда барлық жұмыспен — трансформаторды жөндеу, сымдар мен көше шамдарын ауыстырумен ауылдық әкімдік айналысады.
Екінші мәселе қауіпсіздікке қатысты: Тамды ауылынан теміржол өтіп жатыр, алайда ол әлі күнге дейін қоршалмаған. Сондықтан теміржол бойында мал өлімі көп.«Қазақстан теміржолы» компаниясы теміржолды қоршап қоюды өз міндетіне алмай отыр, сондықтан бұл мәселе де ауыл әкіміне жүктелген. Гүлқасима Сүйінтаева депутаттық корпустың осы мәселелерді шешуге күш салатынын атап айтты.
Тамдылықтар ауыл спортын дамыту мәселесін де көтерді. Денешынықтыру пәнінің мұғалімі Айдос Аймағанбетов ауылда денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынса екен дейді. Оның айтуынша, Тамдыдалайықты нәтижеге жетіп жүрген талантты спортшылар бар, алайда спортпен шұғылданатын орын жоқ. Соңғы «Ақ бидай» жарысында ауылдың құрамасы бірінші орынға ие болған.
Депутаттар бұл орайда тағы бір өте маңызды мәселенің шешімін табу күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Ол — Талдысай ауылында жаңа мектеп салу. Мектептің қазіргі ғимараты заман талаптарына сай келмейді, сондықтан алдымен осы іске басымдық беріледі.
Облыстық мәслихат төрағасынан көмек сұраған тұрғындардың бірі — Мақпал Ибраимова. Екі жыл бұрын ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие алып, құс шаруашылығымен шұғылдана бастаған. Алғашында бұл ісі қиынға соғып, қателіктер жіберіліпті. Қазір шаруашылығы тұрақты дамып, биыл несиесін жабуға мүмкіндік те туып отыр. Дегенмен зейнетке шығуына байланысты тағы бір кедергіге тап болды: жасына байланысты енді оған несие берілмейді. Ал бизнесін одан әрі дамыту, қазіргі қарқынды жоғалтып алмау үшін қаржы керек. «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлік палатасының директоры Дидар Боранқұлов іске Мақпалдың балаларын тартуды дұрыс санайды. Бұл ұрпақтар сабақтастығын сақтаумен қатар, жаңа бағдарламаларға қатысуға да мүмкіндік береді.
Дидар Боранқұлов жиында «Бір ауыл — бір өнім» жобасы жөнінде кеңірек айтты. Жоба жергілікті шикізатты пайдалана отырып, кең көлемде бизнес жүргізуге жол ашады. Қатысуға тілек білдірушілер палата филиалынан кеңесі мен қолдауына жүгіне алады.
Жиында Еркінкүш ауылының тұрғындары да өз тілектерін алға тартты. Аталған елді мекенде бүгінде бастауыш мектеп қана бар, ал 4-сыныптан кейін балалар Алғадағы интернатқа орналастырылады. Ауыл тұрғындары балалары ең болмаса 9-сыныпқа дейін өз үйінде болуы үшін негізгі мектептің құрылысы қолға алынса екен дейді.
— Еркінкүш — әлеуеті бар ауыл, болашақта қазіргіден де дамиды деп үміттенуге әбден болады. Жас отбасылар бар. Алайда бастауыштан әрі қарай оқытатын мектеп болмаса, жас отбасылар ауылда тұрақтай алмайды. Сондықтан бізге мектеп мәселесін шешу керек, — деді олар.
Гүлқасима Сүйінтаева бұл мәселеге байланысты алдымен зерттеу жүргізілетінін атап көрсетті.
Алға ауданында 3 199 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Оның 3116-сы белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл — 237 ЖШС, 836 шаруа қожалығы және 2 043 жеке кәсіпкер. Кәсіпкерлік саласында 4 812 адам еңбек етеді.

Жаңғырту қажет…
Алғадағы Мәдениет үйінде де тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Алғалықтар жиынға белсенді қатысып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды. Оның бірі — медициналық көмектің сапасы. Қала іргесіндегі ауданның орталығында жалпы тәжірибелік дәрігерлер тапшылығы бар. Аудан басшысы Асланбек Шүйіншәлиевтің айтуынша, Алға қаласына ең аз дегенде 8 жалпы тәжірибелік дәрігер керек. Алға — қалалық мәртебеге ие елді мекен, сондықтан ауылдық жерлерге баратын жас мамандарға қарастырылған жағдай мұнда келетін мамандарға жасалмайды. Мысалы, ауылға баратын маман 8,5 миллион теңге көлемінде бір реттік көмек алады, сондай-ақ қызметтік үй де беріледі. Осындай айтарлықтай қолдау шаралары қарастырылғандықтан, жас мамандар көбіне ауылдық жерлерді таңдайды.
Тұрғындар көкейіндегі тағы бір үлкен мәселе — көппәтерлі үйлерді терможаңғырту. Олардың айтуынша, осыдан ондаған жылдар бұрын салынған тұрғын үйлердің басым бөлігіне жаңғырту жұмыстары қажет. Бұл үшін әр үйде тұрғындардың тұтастай қолдау көрсетуі —өте маңызды алғышарт. Алғалықтардың айтуынша, үйдегі тұрғындардың бір бөлігі бағдарламаға қатысуды қолдаса, екіншілері бас тартып, істі кері кетіреді. Олар ауызбіршілікте болғанда ғана терможаңғырту аясындағы жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады.
Ауылдық округтерде, соның ішінде Алға ауданында да тұрғындармен кездесулер жалғаса береді. Тікелей диалогта болу өте маңызды: бұл азаматтарды толғандыратын мәселелерді дер кезінде біліп, шешімін табуға мүмкіндік береді. Билік органдарының жұмысы неғұрлым тиімді, нәтижелі болу үшін бұқарамен байланыс үзілмеуі керек.
Марина НҰРАЛОВА.
Суреттерді түсірген Асылбек ҚАСЫМОВ.



