«Open World»: ақш кітапханаларының жұмысымен таныстық

Кітапхана
Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен «Open World» бағдарламасы аясында Қазақстанның бірнеше қаласындағы кітапханалар қызметкерлері АҚШ-қа барып, іс-тәжірибе алмасу шараларына қатысты.
Мақсат — кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттырып, халықаралық деңгейде серіктестік орнату, сонымен қатар кітапхана қызметінің заманауи үрдістерімен танысу.
Біз, Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен және Ақтөбе қалаларындағы кітапханашылар алдымен сапарымызды Вашингтон қаласынан бастадық. Мұнда Конгресс кітапханасының Халықаралық көшбасшылық агенттігінің атқарушы директоры Джейн Саргус күтіп алды. Конгресс кітапханасында Мемлекеттік басқару институтының аға ғылыми қызметкері Марк Харкес «Америкалық федерализм» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, АҚШ-тың мемлекеттік басқару жүйесі, федералды және жергілікті билік органдарының рөлі туралы түсіндірді. Ал Глобал Лидерлер Дайындау Қорының президенті, Джорджтаун, Маннгейм және Болонья университеттерінің оқытушысы доктор Сэм Потоликкио «Американдық мәдениеттегі көшбасшылық сабақтары» тақырыбында сөз сөйлеп, көшбасшылық қасиеттер мен басқару стратегиялары туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.
Одан соңКонгресс кітапханасына экскурсия жасадық. Әлемдегі ең ірі кітапханалардың бірі болып саналатын мекеме қорында 170 миллионнан астам басылым, 470 тілде жазылған 38 миллионнан көп кітап сақталған.
Мичиган штатының Рочестер қаласындағы жергілікті кітапханалардың құрылымы мен жұмыс жүйесімен танысу мүмкіндігіне де ие болдық. Окленд университетінің кампусында орналасқан Кресге кітапханасы — білім мен ақпараттың маңызды орталығы. Кітапхана заманауи жабдықтарменжабдықталған және онда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасалған.
Сапар барысында Детройт қаласының «Детройт өнер институты» музейіне, қалалық кітапханаларға, Мичиган штатындағы Рочестер-Хиллз қаласының көпшілік кітапханасына, Клинтон-Макомб көпшілік кітапханасына, Рей қалалық кітапханасына да барып, рухани мекемелердің жұмыс барысымен танысып, тәжірибе алмастық.
Бұл сапартек кәсіби тәжірибе алмасу үшін ғана емес, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да үлкен мүмкіндік берді. «Open World» бағдарламасы арқылы біз әлемнің әртүрлі кітапхана жүйелерін зерттеп, жаңа серіктестермен байланыс орнаттық. Сапардан алған білім мен тәжірибені Қазақстандағы кітапханалар жүйесініңхалықаралық стандарттарға сай болуы жалпы кітапхана ісін дамыту үшін тиімді пайдаланамыз.
Ақтоты САЛИЕВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының
кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі.



