Күнәлар кешірілетін ай: тамшыдай амал таудай сипатқа ие болады

Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев Рамазан айында ораза ұстау, оның сауабы, сондай-ақ бұл ұғымдардың шығу тарихы туралы айтып берген еді…
— Барша мұсылман баласы асыға күтіп, он бір айы бойы жасаған қате- кемшіліктерінің кешірілуін үміт етіп, Аллаға жақындауға тырысатын қасиетті Рамазан айы — мүмін үшін үлкен мүмкіндік.
Рамазан — жаратылыс атауы жаңа тыныс алып, адамзат баласы рухани жаңғыратын уақыт. Мейірім мен рахым нұры төгілетін, берекенің еселеніп, Жаратушының шексіз нығметі артатын сәт. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтсақ қателеспейміз. Ал күнәлардың кешірілуіне себеп болатын Рамазан айында жасалатын басты құлшылық ол — ораза. «Ораза» сөзінің тілдік мағынасы — «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдірсе, шариғи мағынасы құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан және күнә атаулыдан тыйылу. Оразаның парыз болуы жайында қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын»,— деп (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) барша мұсылманға міндеттеген.
Пенде Рамазан айында берілетін сансыз нығметтерге ие болу үшін бұл уақытта Алла Тағала бұйырғандай барынша ізгілікке қарай ұмтылып, өзін күнә атаулыдан сақтауға амал етуге тиіс.Сонда ғана Раббымыз уәде еткен сый-сияпатты лайықты түрде ала аламыз. Бұл жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:
Оразаң отыз күнгі отыз кісің,
Бес кісің бес намазың, білемісің?
Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,
Бұларсыз дәнемеге келмес күшің — дейді.
Рамазан — рақым есіктерінің айқара ашылып, пендені шынайы қуанышқа бөлейтін мезгіл. Ондағы әр күн мен түннің берекетке толы екендігі және сауаптың толассыз жауатындығы жайлы Алла елшісі (с.ғ.с): «Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен жаман жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары жабылады, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады» деген. (Тирмизи).
Одан өзге Алланың елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, ал екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық» (Муслим хадис жинағы). Қасиетті айдағы рақымшылықтың көрінісі ретінде жасаған әрбір тамшыдай амалымыздың өзі елеусіз, ескерусіз қалмай, таудай сипатқа ие болатындығын көреміз. Бұл туралы сүйікті пайғамбарымыз, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с): «Бұл айда кім бір жақсылық істесе, басқа уақытта бір парызды орындағандай сауап алады, ал бір парызды орындаған адам басқа айларда жетпіс парызды орындаған кісідей сауап алады», – деген.
Алланың бұйырған парызын орындау арқылы адам баласы екі дүниелік табысқа жетіп, рухани кемелденудің ләззатын сезбек. Бізге жүктелген Жаратушының міндеттерінің артында игілік пен шексіз бақыт жатыр. Дәл осыны Қабан жырау бабамыз:
«Бақыт қайда барасың?
Сәресі, сахар ішетін,
Хақ жолына түсетін,
Сәресі ішуге барамын.
Бақыт қайдан келесің?
Ораза, намаз оқымас,
Алланың атын тоқымас,
Бейнамаздан келемін» — деп насихат қылса керек.
Қорыта айтқанда, Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады. Бұл айда ораза ұстау — пенденің өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады. Алла Тағала ораза ұстаған адамның барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды. Сондай-ақ пенде осы уақытта өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді. Әрі бұл — ізгі амалдардың маусымы. Осы айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұту ләзім. Сонда ғана Алланың разылығына жеткен боламыз. Ендеше, қасиетті ай баршамызға құтты да берекелі болып, ұстаған оразаларымыз қабыл болсын!
Айбек СЕРІКҰЛЫ.