БілімДенсаулық

Денсаулық сақтауға үлес

Сәкен ҚАПАНОВ,

Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы

Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің директоры

Еліміздің денсаулық сақтау саласына орта арнаулы білімді мамандар даярлауда жемісті еңбек етіп келе жатқан тарихы терең білім ордасы—Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжіне90 жыл толып отыр.

Бұл медициналық оқу орны — өзіндік тарихы, бағыт-бағдары бар, тағылымы мол білім шаңырағы. Колледждің іргетасы 1935 жылдың 4 тамызында Халық денсаулық сақтау комиссариатының арнайы бұйрығымен медбикелер даярлайтын екі жылдық мектеп болып қаланған болатын. Мектепке бес жылдан кем емес көлемде білімі туралы анықтамасы бар оқушылар қабылданған. Штаттағы оқытушылар болмауы себепті медициналық пәндерді жергілікті дәрігерлер жүргізді, ал  жалпы білім беру пәндерінен орташа жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдері мен Ақтөбе педагогикалық институтының жоғары курс студенттері сабақ берді.

Медициналық мектептің алғашқы директоры М.Нұғыманов 1938 жылға дейін жұмыс жасады. 1938 жылдың желтоқсан айынан 1940 жылдың 1 ақпанына дейін Д.Аманов директорлық қызмет тізгінін ұстады. Осы уақыттарда мектептің өз ғимараты болмай, сабақ беру біраз қиындықтармен жүргізілді.

1940 жылдың 1ақпанында медициналық мектепке Г.Батура директор болып тағайындалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майдандағы ерлікпен шайқасып, жараланған жауынгерлерді  майдан шебінен алып, көмек көрсету, өмірін сақтап қалуда Ақтөбе медициналық мектебінің түлектері де үлес қосты. Көптеген мейірбике мектебінің түлектері майданға аттанды. Олар шайқастарға қатысып, бірқатары үкіметтік марапаттауға ұсынылды. Мейірбике мектебі мамандарды ғана дайындап қоймай, Отан патриоттарын да тәрбиеледі. Олардың қатарында Ф.Дьяченко, Е.Лемашева, А.Клемная, А.Ганжа, И.Варнава және басқаларын атауға болады.

Мектеп директоры Г.Батураның майданға аттануына байланысты оның міндетін атқару анатомия пәнінің оқытушысы Лидия Викторовна Худашеваға жүктелді.

1950 жылдан бастап мектеп жалпы салалы мейірбикелермен қатар, балаларды емдеу мекемелеріне мейірбикелер даярлай бастады. 1954 жылы Кеңестер Одағы Министрлер кеңесінің Қаулысымен мейірбике мектебі атағы медициналық училищеге ауыстырылды.

1949 жылдың желтоқсанынан 1973 жылдың мамыры аралығында медициналық училище директоры қызметін В.Власова атқарды. Училище қаладағы Ленин көшесі, 10 үй ғимаратында орналасты, оның құрамында 60 орындық жатақхана болды. Училище ұжымында 13 маман жұмыс істеп, ал білім алушылар саны 160 адамға жеткен.

Алғаш рет 1958 жылы училищеде штатқа оқытушылар алынды. Олар — педиатр М.Сенина, инфекционист Е.Главздунович, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі И.Журавская, патанатомия маманы З.Зиберштейн және басқалары болды.

1973-1977 жылдары училище директоры болып Ш.Нұралина қызмет етеді. 1974 жылы сәуір айында училище К.Либкнехт көшесі,  20 үйдегі жаңа ғимаратқа көшті.  Үш қабат оқу корпусы болса, төртінші және бесінші қабаттар жатақханаға беріледі. Осы жылдары педагогикалық құрам 25 адамға көбейді. Медициналық институтты бітіргеннен кейін колледжге оқытушы ретінде жас дәрігерлер Л.Менякина, Л.Соколова, Г.Абылхатова, С.Байнекешова, Г.Ахметкереева келді.

Оқу орнының одан әрі қарай дамуы директор А.Миронованың басшылығымен өтті. Бұл кезең 1977-1999 жылдар аралығын қамтиды. Нақ осы тұста шығармашылық әлеуеті жоғары ұжым қалыптасқанын атап өтуіміз керек.

1978 жылы колледжде тістехнигі бөлімі ашылды. Практикалық денсаулықсақтау саласынан Р.Тигранян, Л.Пузикова, В.Дубинский, В.Пастухова секілді штаттық оқытушылар жұмыс істеуге келеді.

Бір атап өтетін жайт, 1964 жылы училище өзінің спортшыларымен көпшілікке танымал болды. Олар қала мен облыста волейбол, жүзу, жеңіл атлетика, конькиден жүлделі орындардан көрінеді. ГТО көпсайысы кешенінде училище командасы қала чемпионы, ал шаңғышылар, баскетболшылар, теннис, атқыштар командалары екінші орында болды.

Училище өміріндегі ең елеулі жағдай оны республикалық бюджетке енгізу болды, осы кезде қаржыландырудың жақсарып, жаңа ғимарат салуға ассигнация бөліну мүмкіндігі туды.

Сексенінші жылдардың ортасынан бастап оқу орны ерекше белсенді дамыды, жаңа қадамдар жасалып, медициналық ортада беделге ие болды.

Училищенің педагогикалық ұжымындаоқушылармен белсенді жұмыс істейтін, кәсіби және қоғамдық істерді орындау кезінде жоғары жауапкершілік сезімін жетілдіруге деген ұмтылысты, мамандыққа деген сүйіспеншілікті тәрбиелейтін шығармашыл,бастамашыл адамдар көбейе түсті. 1990 жылы фельдшерлік-зертханалық бөлімше ашылды. 1990 жылдан 2000 жылға дейін 250-ден астам білікті мамандар даярланды.

1994 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен аттестация нәтижесі бойынша училище колледж мәртебесін алды.

1999-2023 жылдар аралығында колледжді Абдраман Қуанұлы Мантаев, Вадим Николаевич Югай, Темірхан Қарақойшыұлы Симбатов, Мәжит Хамитұлы Қозбақов басқарды. Олардың әрқайсысы оқу орнының тарихына өз қолтаңбаларын қалдырды деп айтуға болады.

Абдраман Қуанұлының басшылығымен колледждің оқу корпусына жөндеу жұмыстары жасалды: кабинеттер, лабораториялар, аудиториялар реттеліп, жабдықталды, ғимараттың беткі бөлігі, кейбір бөлмелер жаңғыртылды.

Вадим Николаевич жоспарлау нәтижесі мен қаржыландыру стратегиясын оңтайлы жетілдіру арқылы материалдық-техникалық базаның жақсаруына мүмкіндік тапты, оқу үдерісін ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін ілгерілетті.

Темірхан Қарақойшыұлы ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануды өрістетіп, интерактивті тақталардың орнатылуына тікелей басшылық етті.Кәсіби серіктестік аясын кеңейту, еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру  мақсатында денсаулық сақтау мекемелерімен ынтымақтастық орнатты.

Мәжит Хамитұлы басшылығы кезінде колледжде симуляциялық кабинеттер ашылып, оқушылардың білімін шыңдауға септігін тигізді. Колледждің материалдық базасы жаңартылып, түрлі техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оқушылар үшін жатақхана және спортзал пайдалануға берілді.

Биылғы 2024-2025 оқу жылында оқушылар контингенті — 2183 адамды құрайды.

Колледж 7 мамандық — мейіргер ісі, емдеу ісі, акушерлік іс, фармация, лабораториялық диагностика, стоматология, ортопедиялық стоматология бойынша мамандар  даярлайды.

Колледждің материалдық-техникалық базасы қазіргі инновациялық білім беру стандарттарына сай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кабинеттер мен зертханалар оқу фантомдарымен, заманауи тренажер-манекендермен, аспаптармен, науқастарға күтім жасау заттарымен, медициналық құрал-саймандар жиынтығымен, аудиториялық және симуляциялық сабақтарды өткізу үшін, сондай-ақ аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттауды дайындау және өткізу үшін қажетті техникалық оқыту құралдарымен жабдықталған. Білім беру сапасын қамтамасыз етудің маңызды факторы және колледждің тұрақты дамуының кепілі материалдық-техникалық базаны үнемі жақсарту болып табылады.

Колледжде оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Оқушыларды  практикалық дайындау Ақтөбе қаласының ірі клиникалары базаларында облыстың үздік орта медициналық  қызметкерлер қатарындағы  оқытушылардың  қатысуымен жүзеге асырылады. Сапалы оқу үрдісін ұйымдастыру үшін оқу базаларында барлық қажеттілік — сабаққа арналған оқу бөлмелері, емдеу-диагностикалық бөлімдер мен кабинеттер, медициналық жабдықтар мен лабораториялар бар.  Облыстың 51 медициналық ұйымдарымен әлеуметтік серіктестік туралы шарт жасалды, онда өзара мүдде мен соңғы нәтижеге негізделген колледж бен денсаулық сақтау мекемелері арасындағы  қатынастар анықталған. Бұл әлеуметтік әріптестік денсаулық сақтау мекемелеріне білім беруге оның мазмұнына ықпал ете отырып,  білім беру үрдісінің белсенді және толық қанды қатысушысы болуға, ал білім беру мекемелеріне халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жұмысқа орналасу — маңызды әрі жауапты қадам. Соңғы 3 жылда түлектердің жұмыспен қамтылуы 86-90 пайызды құрайды.

Бүгінде біздің түлектеріміз өңірдің медицина саласын дамытып, өркендетуге өз үлестерін қосуда. Мәселен, Кәдірбек Иманбаев — отыз бес жылдық тәжірибесі бар білікті маман, жоғары санатты хирург-дәрігер, ҚР денсаулық сақтау үздігі. Ақтөбе қаласындағы Қарғалы ауруханасында жұмыс істейді. Өзінің тәжірибесі мен кәсіби қызметінің арқасында ұжымда беделге ие.

Ағиба Мажекенова училищені 1984 жылы мейіргер ісі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын туберкулезге қарсы диспансерде бастап, қазіргі уақытта №3 қалалық емханада бас мейіргер болып  қызмет атқарып келеді, облыс бойынша мейіргерлер қауымдастығы кеңесінің мүшесі.

Жаңагүл Төреханова училищені емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп, фельдшер болып жұмыс істеген. Ол 1991 жылы фармация мамандығы провизор біліктілігі бойынша диплом алды. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында «ТК-фарм»  фармацевтикалық зауытының директоры қызметін атқарып, республиканы отандық фармацевтикалық препараттармен қамтамасыз етіп отыр. «Тұрғындарға арналған үздік өнім» конкурсының жеңімпазы, ҚР Президенті Алғыс хатының иегері.

Колледжді 1990 жылы үздік бітірген Гүлмира Бекмұхамбетова 2017 жылдан бері «Шипагер-С» медициналық орталығының бас дәрігері қызметін атқарады.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Оқу үдерісі тәрбиемен қатар жүреді. Колледждегі тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің білім беру ұйымдарындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде жүргізіліп отыр. Колледждегі тәрбие жұмысының мақсаты —адамгершілік ұстанымы мол, рухани байлығы жан-жақты дамыған, әлеуметтік мәдениеті, отансүйгіштік сезімі жоғары, ой-өрісі кең, жан-жақты және үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.

Тәрбие жұмысының маңызды бөлігі оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал жасауға бағытталған. Тәрбие бөлімінде «Сырласу», «Қайырымдылық», «Гиппократ» волонтерлер, «Шашбаулым», «Азамат», «Денсаулық», «Эстетик», «Антисмок», «Бабалар аманаты» клубтары жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ ағартушылық-профилактикалық жұмыстары бойынша клубтар мен үйірмелер бар. 2016 жылы колледж аймағында «Жұлдызды аллея» ашылып, онда атаулы мерекелер тойланады. Сонымен қатар бұл аллеяда дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін «Жұлдызды түлек» байқауының жеңімпазы жазылып, колледж тарихында есімі сақталады.

Біздің колледж Ақтөбе облысында алғашқылардың бірі болып инклюзивті білім беруді дамытуды қолдады және нашар көретін және зағип оқушыларды мамандық алуға даярлайды. Бұл оқу орны батыс өңірі бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытатын жалғыз оқу орны болып табылады.

Колледжде «Кедергісіз болашақ» мемлекеттік жобасын жүзеге асыру бойынша мүмкіндігі шектеулі оқушыларды оқыту, инклюзивті оқытуды дамыту, олардың жұмыс жасауы үшін жағдай жасау, ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі мәселелерді шешуді көздейтін мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға колледжде қауіпсіз және жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін ғимараттың өзі де, оның барлық бөлмелері де қозғалыс қолжетімдігімен қамтамасыз етілген.

Оқушылар қаланың медициналық ұйымдарында әдістемелік басшылардың жетекшілігімен өндірістік және кәсіптік (диплом алдындағы) практикадан өтеді.

Колледж базасында 2015 жылдан бастап оқушыларға практикалық дағдыларды қолдану үшін клиникалық база ретінде кәсіби массаж орталығы ашылды және жұмыс істейді. Оқушылар кәсіби массаж орталығында тәжірибелі дағдыларға машықтанады.

Инклюзивті оқытудың негізі ретінде колледж  Кисловодск медициналық колледжінің тәжірибесін қабылдады. Аталған оқу орнымен бірлесіп жұмыс істеу және тәжірибе алмасу туралы меморандум жасалды.

Қазақстан Республикасында мейірбике ісін дамытудың Кешенді жоспарына сәйкес және Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы бұйрығы негізінде Ақтөбе медициналық колледжіоблыста мейірбике ісін дамыту орталығы болып құрылған болатын. Орталық облыс тұрғындарына мейіргерлік көмек көрсету сапасын арттыру, мейіргерлік істі ұйымдастырушылық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру, орта буын медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіру, облыстық денсаулық сақтау жүйесінің мейіргерлік ісін дамытудың перспективалық бағыттарын талдау үшін құрылып, өз жұмысын жемісті жалғастырып келеді.

2018 жылдан бастап  жоғары медициналық колледж базасында мейірбике ісі мамандығы бойынша «Мейірбике ісінің қолданбалы бакалавры» біліктілігіне жеделдетілген білім беру бағдарламасы және жалпы орта білімнен кейінгі бағдарлама бойынша мамандар даярлана бастады. Жыл сайын қолданбалы бакалавр оқушыларының саны артып келеді.

Республикамыздағы білім ордаларының ішінде өзіндік бірегей орны бар оқу орны —Мәншүк Мәметова атындағы жоғары медициналық колледжі оқытушылардың кадрлық құрамы тұрақты, колледж жоғары білікті профессорлық-оқытушылық кадрлармен жасақталған.

Бүгінде колледж ұжымы заман талабына сай білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісіне елеулі үлес қосуда.Медицина саласының білікті мамандарын дайындайтын қара шаңырақ осы жылдар ішінде терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырды.

Осы жылдар ішінде колледждің материалдық-техникалық базасы нығайған, іргелі де бірегей оқу орнына айналды.

Қазақстанның медициналық әлеуетін дамытуға үлес қосуға қабілетті мамандарды даярлау бағытында колледж өз миссиясын абыроймен орындап келеді.

Ақтөбе облысы бойынша алғашқылардың бірі болып сапа менеджменті жүйесіне өткен колледж басшылығы корпоративтік басқаруға бағытталған ұйымдық құрылымды оңтайландыру бойынша жұмыстарды одан әрі жүргізуді жоспарлап отыр, кадрларды іріктеуде құзыреттілік тәсіл және сапаны бақылаудың заманауи жүйесі енгізілуде. Колледж ұжымы алдына білім беру сапасын жақсарта түсу және оқу орнының имиджін арттыру бойынша міндеттер тұр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button