Жұмысшы мамандықтары жылы

Береке — кәсіпте

Әйтеке би ауданында 400-ден аса шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде қожалық иелері төрт түлік санын көбейтіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып келеді. Солардың бірі — 1997 жылы құрылған «Айман» шаруа қожалығы.

Алғашқыда қожалықта жиырма қой болды. Ол уақытта түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Бірақ соған қарамастан, еңбектен қол үзбей, мал санын көбейтуге тырыстық. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, несие алдық, қора салып, техника сатып алдық. Қазір малдың саны өсті. Негізінен сиыр мен қой бағамыз. Бұдан бөлек мал азығы үшін  65 гектар жерге арпа, бидай егеміз,— дейді қожалық иесі Қанатжан Ділмұханбетов.

Қожалықтың жайылымы Т.Жүргенов ауылынан он екі шақырым жерде. Аумақта малшылар үшін бар жағдай жасалған. Қожалық иесі төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

— Мал бағу оңай емес, демалыссыз жұмыс істейміз. Қазір төрт жұмысшы бар. Бірі мал бақса, екіншісі өзге шаруаларды атқарады. Еңбекақыларын уақытында алады, азық-түлік береміз. Қосымша ынталандыру ақы беремін. Өзге де қажеттіліктеріне көмектесіп тұрамын. Мал бағатын адамның жағдайын жасамасаң, шаруа алға баспайды, — дейді  Қанатжан Ділмұханбетов.

Шаруашылықтағы негізгі табыс көзі — малдың етін сату. Қожалық басшысы етті аудандағы жеке адамдарға, одан қалса,Ақтөбеге апарып сатады.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға мемлекеттен қолдау бар.

Тәуір табыс еңбексіз келмейді. Ерінбей іс бастап, мал бақсаң ғана игілігін көресің, — дейді шаруа.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button