Шаруалардың шағымы және мемлекеттік қолдау

Кездесу
Бүгінде шаруалардың шешілмеген мәселесі, айтар уәжі көп. Әсіресе жеңілдетілген несие мен субсидия саласында сауалдары сан алуан. Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, өзге де жауапты орган өкілдері ақтөбелік шаруалармен кездесіп, оларды толғандырған тақырыптарды тыңдады.
Кездесуде алдымен облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз сөйлеп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, осы салалардағы қордаланған мәселелер кезең-кезеңмен шешілетінін жеткізді.
— Осы іс-шараны өткізудегі мақсатымыз — сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді тыңдау, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, басқа да салалардағы қордаланған мәселелерді ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен бірлесе отырып шешу. Қазіргі таңда шаруалар үшін ең бастысы — ауыл шаруашылығы саласын дамытуға берілетін несие мен субсидия мәселесі. Өткен жылы осы салаға 15,8 млрд теңге қаржы бөлініп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Ақтөбелік шаруалар өткен жылды жемісті аяқтап, 361 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Егін бітік шығып, қамба толды. Ірі қара — 20, қой — 10, жылқы басы 27 пайызға өсті, — деді Ғ.Елеуов.

Сондай-ақ кездесуде облыстық жер ресурстарын басқару департаменті, ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы, т.б. мекемелердің өкілдері баяндама жасады.
— Фермердің төрт құбыласы түгел деп айту қиындау. Әр жыл сайын шаруаның көбі жанармайдың қымбаттығы, техниканың тозуы, сондай-ақ өнім өткізу мәселесімен бетпе-бет келеді. Осы іс-шарада ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен кемшін тұстар талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында «Агроөнеркәсіптік кешенді тікелей субсидиялаудан гөрі, арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу қажеттігін» айтқан-ды. Өйткені жалған ақпарат беріп, көзбояушылықпен қаржы алу деректері көбейген. Елімізде 2 миллион ірі қара, 3 миллионнан астам ұсақ малдың тек қағаз жүзінде бағылғаны анықталды, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айсұлтан Кеңбейілов.
Өткен жылы шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 11 млрд теңге жеңілдетілген несиеге ие болды. Мал басын көбейтіп, кәсібін жандандырды. Алайда бастаған ісі тұралап қарызға батып отырғандар да бар. Солардың бірі —қобдалық Талғат Қосмағамбетов. Қожалық иесінің айтар өз уәжі бар.
— 2020 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие алып, кәсіп бастадым. Алғашында ісім алға басып, мал саны да көбейген еді. 2023 жылы 550 қойымды ұрылар айдап әкетіп, 30 миллион теңге шығынға баттым. Мал ұрлығын жасағандар да табылмады. Қобдалық шаруалар қолдан келгенінше көмектесіп, бір-бір қойдан сыйлады. Алайда ол менің тұралап қалған кәсібімнің аяқтан тұруына себеп бола қоймас. Өзім 8 баланың әкесімін. Несие төлеуден жалтарып тұрғаным жоқ. Тек тығырықтан шығатын жол табылып, қайта қаржыландыру арқылы несие төлеу қабілетімді реттеп беруін қалаймын. Бір байқағаным, құлпынай, қияр өсірумен айналысатындардың несие төңірегіндегі мәселелері уақтылы қаралады, — дейді ол.
Жиында сөз сөйлеген қаржылық ұйым аталған мәселені қаперге аламыз деп уәде етті. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ төрағасының орынбасары Айдын Досқараев ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несиелер мен гранттардың шарттары туралы әңгімелеп, ауыл-аймақта кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
— Өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 1000-нан астам кәсіпкерге қолдау көрсеттік. Соның ішінде 70 миллиард теңгеден астам қарызы барлардың арыз-шағымын ескеріп, фермерлердің несиелеріне реструктуризация жасалды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде шығынға ұшыраған шаруаларға өтемақы беріліп, мал қорын толтыру жұмыстары әлі де жалғасын тауып жатыр, — дейді Айдын Досқараев.
Іс-шара барысында ауылшаруашылығы техникалары мен суармалы жер көлемін арттыруға арналған суару құрылғысы шаруалар назарына ұсынылды. Сонымен қатар Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Дәурен Қуанов овоскоп құрылғысы арқылы жұмыртқаның сапасын тексеріп, балықтың сыртқы белгілері бойынша балғындығын анықтау сияқты зерттеу жұмыстарының қалай жүргізілетіндігін көрсетті. Ал 40 жылдан бері аталған колледжде қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз Әсия Мырзабекова болса, келушілерге білім алушылардың қолынан шыққан өнімдерін ұсынып, дендрабақ, тәлімбақ, интенсивті бақ сынды тәжірибелік алаңдары туралы айтып берді:
— Колледж дендробағында 50-ден астам декоративті, қылқанды, жапырақты ағаштар мен бұталар өсіріледі. Көктемде қаламыздағы оқу орындарына ағаш көшеттерін тегін таратамыз. Кейінгі жылдары интенсивті бақта жүзім және алма ағаштарын егіп бастадық. Жүзімнің суыққа төзімді ерекше сортын Орынбордан сатып алдық. Екі-үш жылдықта интенсивті бағымызда ергежейлі алма ағашының жемістерін алуды жоспарлап отырмыз. Тәжірибелік алаңдарда білгенімді студенттеріме үйретемін. Сондай-ақ дәнді дақылдардан бөлек, колледждің егістік алқабында тарының «Яркое-6» сортын тамшылатып суару әдісімен егіп, тәжірибе жасадық.
Сондай-ақ мал көңіне калифорниялық қызыл құрт жіберіп, өңдеп, биогумус өндіруді қолға алып отырмыз. Бір қорапта мың құрт болады екен, соны сатып алғанбыз. Қазір ол бірнеше есе өсті, солардың арқасында қазір қара топырақ сатып алмайтын болдық. Жылыжайға да, бау-бақшаға да қызыл құрт өндірген биогумусты төгіп, биыл өнім шығымы мол болды, — дейді оқытушы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



