Жаңалықтар

Көктемгі су тасқынына дайындық

Қала

Ақтөбеде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қала әкімі Азамат Бекет төтенше жағдай қызметінің және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдерімен бірге көктемде су басу қаупі бар бірнеше учаскеде болып, мамандардың жұмысын көрді және жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

А.Бекет алдымен саяжай тұрғындарымен бірге «Эко» және «Көктем» бау-бақша ұжымдары орналасқан су жағасын бекіту жұмыстарын көрді. Былтыр көктемде Елек өзені арнасынан тасып, бұл жердегі үйлерді су басқан еді.

— Қазір топырақ үйіндісін 3 метр биіктікке көтеріп, бөгет жасап жатырмыз. Топырақтың әр қабатын 25-30 сантиметр сайын арнайы көлікпен тығыздап шықтық. 12 самосвал, автогрейдер, топырақ тығыздағыш, тиегіш көліктер, екі экскаватор жұмыс істеп жатыр,— деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің инспекторы Сағындық Тілеуімбетов.

Саяжай тұрғындары бөгеттің берік жасалғанын айтып, ризашылықтарын білдірді. Дегенмен тұрғындарды алаңдатқан қауіп жоқ емес. Бұл аймақта су қатты келсе, арнасынан шығып кетуі мүмкін ең төменгі учаске бар. Тұрғындар да, мамандар да ол учаскені биіктетіп бекіту үшін су арнасын бойлай өскен тал-терек кедергі келтіріп тұрғанын айтты. Олар қала басшысымен бірге аталған аумақты қарап, қауіптің алдын алу үшін жасалуға тиіс шараларды кеңесті.

— Бұл учаске былтыр көктемде ғана емес, оның алдыңғы жылдары да су тасқынында осы аумақтағы үйлерге қауіп туғызып келді. Көктем сайын су тасығанда тұрғындар зардап шегеді. Дәл қазір өзен жағасын биіктетіп, бекіту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жерге бетоннан бөгет жасайтын боламыз,— деді Азамат Бекет.

Ақтөбеде сонымен бірге өзендер мен су айдындарының арнасын қамыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен демалыс күндері қала әкімі Азамат Бекет Сазды өзенінің арнасында Астана ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан жұмыстарды барып көрді.

— Былтыр көктемгі су тасқынының салдарын жою кезінде нақты жоспар жасалған еді. Соның бірі — өзендер арналарын қурап құлаған ағаштар мен өскен қамыстардан тазалау шаралары. Көктемде дала сулары арналардан кедергісіз өтуі үшін бұл жұмыстарды тоқтатпауымыз керек,— деді Азамат Бекет.

Астана ауданының әкімдігі жүктелген міндетті аудан аумағында санитарлық-тазалық жұмыстарымен айналысушы мердігерлердің көмегімен атқарып жатыр.

— Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары аясында Сазды өзенінің арнасын судың ағысына бөгет болуы мүмкін қамыстардан тазартып жатырмыз. Жұмысшылар 12 триммердің көмегімен қамысты шауып жатыр. Бұл жұмыстарды бастағанымызға 5 күн болды, Сәңкібай батыр даңғылына дейінгі бөлікті тазартып аяқтауымыз керек,— деді Астана ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Мирас Әжібаев.

Су тасқынының алдын алу жұмыстары  аясында Елек өзенінің ұзындығы 1300 метр болатын жағалауын нығайту жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа су басу қаупі бар Ақтөберентген-14, 16, Урожайный, Зеленстрой бау-бақша ұжымдарында еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жерлерде Заречный көпірінен Кірпішті көпіріне дейін Елек өзенінің бойымен топырақтан және қой тастардан биіктігі 3500 метр үйінді жасалды. Жұмыстарды «ZNS Group» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізді.

Мамандар қала әкімі Азамат Бекетке жасалып жатқан жұмыстарды көрсетті. Су тасқыны кезінде Зеленстрой бау-бақша ұжымы орналасқан учаске осы аумақтағы ең төменгі нүкте саналады. Бірақ ол тұста су бойына өскен тал-теректер жағалауды биіктетіп бөгеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан мүмкіндігінше бекіту жұмыстары жүргізілетін болады.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button