Шахтадағы ширек ғасыр

Хром кенімен елдің несібесін еселеген Мұғалжар тауының солтүстік етегінде жатқан Хромтау қаласының іргесі қаланғанына биыл — 90 жыл. Тарихы Дөң тау-кен байыту комбинатымен тығыз байланыста келе жатқан өлкенің әр кезеңінде кеншілердің ерен еңбегі жатыр. Әсіресе жер астына, жүздеген метр тереңдікке түсіп, кен бұрғылап, пайдалы кенді жер бетіне шығаруға жұмылған азаматтардың еңбек жолын бірі білсе, бірі білмес. Кәсіпорында электровоз машинисі болып еңбек етіп келе жатқан Сырымбай Суюмовпен әңгіме өрбіткен едік.
— Өндірісте, соның ішінде шахтада жұмыс істеу оңай емес. Бұл салаға қалай келдіңіз?
— Біз еңбекке төселген адамдармыз. Ауылдың тірлігін атқарып, әскерге барып келген жігіттің бос жүруі бізге сын еді. Тоқсаныншы жылдары ауылымыз Ойсылқарадан Хромтауға көшіп келдік. Ел қатарлы жұмыс іздеп, 1999 жылдың күзінде Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа тұрдым. Өткен жылы ғана қызметіме ширек ғасыр толды. Бір орында сол бір мамандықта әлі күнге дейін келе жатырмын.
— Алғашқы ауысым, шахтаға алғаш түсу, алғашқы горизонт есіңізде болар?
— Жылдар өткен сайын көп естелік көмескіленіп жатыр. Дегенмен «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтадағыалғашқы ауысым күні есімде. Клетьке, яғни шахтерлерді төменге түсіретін лифтке мініп, төмендеп бара жатқан көрініс содан бері көз алдымда. Сол күні шахтада минус 160 метрлік горизонтта ең алғашқы массалық жару жұмыстары басталды. Шынымды айтайын, шахтаға түсерде қорқыныш, үрей деген болмапты. Менің қасыма тәжірибелі электровоз машинисі Сағынғали Шаимов деген тәлімгерді бекітті. Қазір ол зейнетте. Тәлімгеріме айтар алғысым шексіз. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» демекші, ол кісіге хабарласып, амандығын сұрап тұрамын. Біраз уақыт бұрын комбинаттың жаңадан ашылған «Болашақ» шахтасына ауыстым. Шахтаішілік көлік учаскесі арасынан біздің бригада ол жаққа алғашқылардың бірі болып барды.
— Көпшілікшахтерлерді жер астындағы пайдалы қазбаларды өндіру арқылы елдің өндіріс саласының, экономикасының дамуына үлес қосып отырған еңбек адамдары ретінде таниды. Алайда шахтада кәсіптің бірнеше түрі бар екен. Өз кәсібіңізді қалай сипаттар едіңіз?
— Дұрыс айтасыз. Шахтада шахтерден бөлек, бұрғылаушы, бекітуші, маркшейдер, электровоз машинисісынды бірқатармаман бар. Мысалы, шахтада хром кенін өндіргеннен бөлек, жер астындағы жұмыстың 60 пайызын біздер, электровоз машинистері жүргіземіз десек, қателеспеймін. Маңдай термен жасаған еңбекті бөліп-жарғанымыз дұрыс болмас. Дегенмен болашақ жастардың есінде жүрсін, электровоз машинисі болу — жақсы таңдау.
— Бір ауысымнан мысал келтіре кетсеңіз…
— Мен еңбек жолымды Дөң тау-кен байыту комбинатының «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтасынан бастадым дедім ғой. Ол жақта бізде шамамен 40-50 электровоз машинисі болды. Бірақ оның барлығы ауысымға, бригада бөлгенде тарыдай шашырап кетеміз. Мысалы, біз шығарылған кенді тиеп алып, төңкергіш алаңына алып келеміз. Сол жерде шамамен 5 минутта тиелген кенді аударамыз. Бір құрамда 14 тонналық вагондар болатын. Сол кездегі минус 160 метрлік горизонтты бір ауысымда төрт-бес айналып,жасап шығатынбыз. Ал қазіргі шахтада барлығы механикаландырған. Электровоздың ішінде отырып, бір тетікті басып, электровоздың астыңғы бөлігін төменге қарата ашып жіберсек, кен өзі-ақ вагондарға толып отырады. Қазіргі «Болашақ» шахтасында бір құрамда 20 тонналықтан 10 вагон тіркелген. Менің бір қуанатыным, ілгері көшке ілесіп келеміз. Сол себепті шын ықылас болса, шахтаның жұмысынан қашпаған абзал. Оның үстіне біздің «Болашақ» шахтамыздың келешегі зор болайын деп тұр. Өткен жылы ресми түрде өз жұмысын бастаған цехта қол еңбегін азайтуға бағытталған жабдықтар қолданыла бастады. Яғни жастарымызға цифрлы технологияларды пайдалануды үйрену қажет.
— Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз көп сияқты. Тәлімгерлік жолында жүрсіз бе?
— Біздің кәсіпорында ұрпақтар сабақтастығы сақталады. Өзіме осы тұс қатты ұнайды. Маған да жасы үлкендер тәлімгерлік еткен. Енді мен де ұстазым секілді жас машинистерге үйретуші болып жүрмін. Шахтаға енді келіп жатқан, бірнеше жыл тұрақтаған электровоз машинистеріне үйретуден жалықпаймын. Бұл жақта қырағы, жауапты, төзімді болу шарт. Істі бастамас бұрын, тексеріп, барлап, барлығына көз жеткізіп алуды әдетке айналдырған жөн. Сонда шахтаға аман кіріп, аман шығамыз. Тиелген кенді шашпай, төңкергішке бірқалыпты аударудан бөлек, біздің негізгі міндетіміз — қауіпсіздік ережелеріне ерекше мән беру. Басты талап та сол.
— Өмірлік таңдауыңыз табысқа жетеледі ме?
— Әрине. Мен шахтаға келгеніме өкінген емеспін. Жұмысымды сүйіп орындағасын, тап бір шаршадым, шалдықтым, болмаса, кәсіп ауыстырамын деген ой болмапты. Біз, адамдар, асығамыз ғой, көп нәрсеге… Байыппен жұмысыңды істесең, сол еңбектің жемісін ерте ме, кеш пе көреді екенсің.
Өзім алты ағайындымын. Әулетте өндірісті таңдаған жалғыз өзім. Бес балам бар. Ұл-қызыма тәлім-тәрбие беріп, қанаттандырып жіберуді мақсат тұттым. Кішкентай екі балам — мектеп оқушылары. Оларға да әкелік парызымды орындап, демеу болсам, бұл жолда да маған кәсібім септеседі. Адамдық жолында адаспай, зейнеттік жасқа аман жетсек, абыройлы жетсек, одан асқан бақыт жоқ.
Сұхбаттасқан Арайлым ҒАНИ.Суретке түсірген Жанболат Таниберген.
Хромтау ауданы.