Жаңалықтар

Ақтөбеде жастарға арналған шығармашылық орталық салу жоспарлануда

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі креативті индустрияны дамыту мәселесі қаралды.

Өңір басшысы жастардың өз тарапынан шығармашылық жолын дамыту үшін қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Ол дизайн, сән, музыка, сәулет және басқа да салаларда жаңа өнімдер жасау мен қызметтер көрсету арқылы табыс таба алатын заманауи бағыттарды дамыту қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, Асхат Шахаров білім беру, мәдениет және стартаптарға мемлекеттік инвестициялар арқылы шығармашылық адамдарды қолдау маңызды екенін атады.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, облыс креативті индустрияны белсенді дамытуда. 2023 жылы С.Жиенбаев атындағы кітапхана базасында шығармашылық орталығы ашылды, онда коммюнити спейс, IT-кабинеттер, дыбыс жазу студиялары және фото-аймақ бар. Бұл жастарға өз таланттарын тегін дамытуға және жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жастардың сұранысы бойынша С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Makerspace» орталығы құрылды, онда жасөспірімдер робототехника мен технологияны меңгере алады.

Сонымен қатар, басқарма басшысы заңнамаға сәйкес креативті қызметтерді монетизациялау мүмкін болмай тұрғандығын атап, бұл осы бағытты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін шектейтіндігіне тоқталды. Бұл мәселе «Атамекен» ӨКП-да өңір кәсіпкерлерінің қатысуымен қаралды және қазіргі уақытта осы мәселені шешудің мүмкін жолдарын іздеу жұмыстары жүргізілуде.

«Әр ауданда шығармашылық идеяларды енгізу үшін платформалар құру қажет. Жобалар нәтиже беруі керек және жастардың оларды өз бетінше ұсынуы маңызды. Жобаларды әзірлеп, өз идеяларымен бөлісу үшін жетістікке жеткен ақтөбелік әншілерді, блогерлерді, әртістерді, журналистерді тартуға болады. Креативті индустрия жобалары сұранысқа ие және өңірді дамытуға бағытталуы тиіс», – деп толықтырды әкім.

Айта кетейік, Ақтөбеде өңір басшысының тапсырмасымен жергілікті тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және қолдауға бағытталған жастарға арналған креативті орталық салу жоспарлануда. Орталықта контент жасауға арналған студиялар, шығармашылық кабинеттер және пікір алмасу аймақтары сияқты шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға арналған әртүрлі кеңістіктер болады деп күтілуде. Сондай-ақ, жоба аясында ғимараттың басқа қанатында облыстық планетарий салу жоспары бар. Қазіргі уақытта жобаны демеушілердің жеке қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесі шешілуде.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button