Биыл 288 шақырым жол жөнделеді

Жол
Өңірдегі жол құрылысы мен жөндеу жоспарлары облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Жолаушылар көлігі және автожолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, қазіргі таңда облыстағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық күйдегі көрсеткіші 78 пайызға жеткен.
Биыл жалпы ұзындығы 288 шақырымды құрайтын 101 жобаны жүзеге асыруға 44,7 млрд теңге бөлінген. Олардың ішінде 21 жергілікті жолдар мен 80 қалааралық және ауылішілік жолдарға қатысты жобалар бар. Аудан мен ауылдарды байланыстыратын жолдарды жөндеуге ерекше назар аударылып отыр.
Сонымен қатар «Ауыл ел —бесігі» жобасы аясында жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге аудандардағы 26 ауылішілік жолды салу және жөндеу жобасы жүзеге асырылады.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде облыс жолдарының жақсы және қанағаттанарлық көрсеткіші 82 пайызға жетеді деп күтілуде.
Айбек Қайыр сондай-ақ бұрын салынған жолдардағы кемшіліктерді жою бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2024 жылы Ұлттық жол сапасы активтері орталығы 166 жобада 205 кемшілік анықтаған. Қазіргі уақытта 88-і жойылды, ал қалған 117-де жұмыстар жалғасуда.
Облыс әкімі жолдардағы ақауларды жою жұмыстарын жеделдетуді және жолдардың сапасы мен құрылыс-жөндеу процесін қатаң бақылауды тапсырды.
— Жол инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат бөлініп отыр. Жолдарды жөндеу мен құрылыс жұмыстарын жоғары сапада жүргізу қажет. Жол жағдайын бақылауды күшейту керек. Әрбір жоба уақытында және кемшіліктерсіз аяқталуға тиіс, —деп тапсырма берді облыс әкімі.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.



