Жаңалықтар

Шалқардағы жалғыз перделер дүкенінің иесі 

Көпбалалы анаАқтоты Ұзақбаеваның үш жоғары білімі болса да, өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, кәсіпкерлікке бет бұрған. Іскер әйел бұның себебін былай деп түсіндіреді: «Көп уақытымды отбасыма арнағандықтан, өзім қалаған кезде жұмыс істегім келді». Шалқар ауданының орталығынан перделер дүкенін ашқан кейіпкеріміз осылайша сүйікті ісін бизнес көзіне айналдырып отыр.

— Эколог, мұғалім және теміржолшымын. Он жылға жуық уақыт ұстаздық еттім. Кейін кәсіпкерлік саласына бет бұрдым. Өйткені осы іс қай жағынан да маған тиімді болды. Ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, жұмыс кестемді өзіме ыңғайлы етіп құрып аламын. Жолдасым да бастамамды қолдап, әркез көмегін аямайды, — дейді Ақтоты.

5-сыныптан бастап тігін өнеріне жақын болған әңгімелесушіміз мектепте еңбекке баулу пәнін сүйіп оқығанын, қаршадайынан түрлі көйлектердің үлгісін сурет етіп салғанын айтады. Ал 12-13 жасында Түркістан қаласына қыдырып барғанда сондағы базардан көрген перденің көптігі оны тіптен маталар әлеміне еліктіре түседі. Сол кезде оқушы Ақтоты: «Шалқардан бірінші перделер дүкенін ашамын!» деген арманын дәптеріне жазып қойғаны туралы:

Сыныптастарымызбен «Арман дәптерін» жарысып толтыратынбыз. Бала қиялы жүйрік қой, жүз тілекке дейін жазатын едік. Сол мезгілде арманымның бірі ретінде өз ауылымнан әдемі маталар сататын дүкен ашуды қосқаным есімде. Өйткені оңтүстік өңірдегі базарда самсап тұрған қызылды-жасылды перделер ерекше қызығушылығымды оятты. Бір жағынан, қыз бала болғандықтан, о бастан әдемілікке, дизайнға жақын едім, — деп сыр шертті ол.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Шалқар ауданында орта және шағын кәсіпкерлік  субъектілерінің саны  3200-ден асады. Аталған салада 4,2 мың  адам жұмыс істейді.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі  ұлттық жоба аясында 64 жобаны іске асыру жоспарланған.

Былтыр Шалқар қаласында балалар киімін, аралас тауарлар, көкөніс сататын 3 дүкен, балалар ойын-сауық орталығы мен мейрамхана ашылған.

Үйден тапсырыстар қабылдап, түрлі киімдер, перделер тігуді әдетке айналдырған Ақтоты декреттік демалыста нақты шешімге келеді. «Перделер дүкенін ашу керек». Оның бұл бастамасын жолдасы Айбек те қолдап, ғимарат сатып алу үшін несие рәсімдеуге жәрдемдеседі. Осылайша, өткен жылдың сәуір айында «Томирис» перделер дүкені ашылады.

Жасыратыны жоқ, жолдасым екеуміздің бұл екінші некеміз. Бірінші күйеуім қайтыс болды. Оны айтып отырған себебім, асыраушысынан айырылған, көпбалалы ана әрі жұмыссыз ретінде кәсіп бастау үшін мемлекеттік қайтарымсыз грантқа бірінші рет құжаттарымды тапсырғанда жолым болмады. Дей тұрғанмен, барлық талап бойынша жағдайым сәйкес келсе де, бизнес-жоспарым дұрыс құрылмаған шығар деп қосымша курстарға қатыстым. Кәсіпкерлер палатасындағы мамандардан ақыл-кеңес алдым. Біраз ізденіп, екінші рет құжат тапсырғанда арнайы комиссия жобамды мақұлдады. 1,4 миллион теңге көлемінде  қаражатқа ие болдым. Оған тігінге қажетті машинкалар, үтік, басқа да қондырғылар сатып алдым. Сөйтіп, мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнесімді жүргізіп кеттім.

«Көз — қорқақ, қол — батыр» демей ме? Төртінші баламды қарап, үйде отырғанымда жастайымнан қызығатын тігіншілікті кәсіп көзіне айналдыруға бел будым. Мүмкіндігі шектеулі балам болғандықтан, оған ерекше күтім керек. Сол жағынан да жеке бизнесіңнің болғаны ыңғайлы, — дейді дүкен иесі.

Оның ойынша, кез келген үйдің сәні — перде. Шағын бөлменің де, қалған бөлменің де ажарын осы бұйым ашады. Дұрыс таңдалған перде күннің көзінен қорғап қана қоймай, үйдегілердің талғамынан да хабар беріп тұрады дейді…

Матаны, қажетті құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан арнайы алдыртатын кәсіпкер дүкенінде таңдаудың мол түрі барын жәнекелушілердің қалтасының қалыңдығы ескерілетінін атап өтті. Айталық, перденің сапасы, қалыңдығы, көлеміне қарай бағалар әрқилы. «Бір бөлменің пердесі 60-150 мың теңгенің аралығында болады. Кейде сатып алушылардың жағдайына қарай жеңілдіктер де жасаймын. Өйткені бір келген адам екінші рет дүкеніңнің табалдырығын аттауға асығып тұруы қажет. Тұрақты «клиенттер» осылай қалыптасады», — деп ой бөліседі Ақтоты.

Тапсырыстардыңжиі түсетінін, жалюзи де сататынын айтқан шебер сұранысқа қарай ілу, қондыру қызметтерін де көрсететінін қосты. Бұл істе жолдасы мен баласы Нұрислам қолғабыс жасайды екен.

Аудандағы жалғыз перделер дүкенінің иесі болсам да,күнбе-күн перде тігемін деп айта алмаймын. Кейде ешкім келмей қалатын кездер болады. Бірақ ондай жағдайдан гөрі үлгере алмай, қапылып жататын кезім көп. Арасында қасыма көмекші аламын. Негізінен бәрін өзім атқарамын: тігінші, сатушы әрі басшымын.  Ең бастысы, бұл — менің сүйікті ісім. Жұмысымнан кәдімгідей шабыттанып, жаным жай табады. Қызым Томиристің да тігін өнеріне ықыласы айрықша, сабақтан тыс уақытта әрдайым көмектеседі. Шүкір, ұл-қызым — қолғанатым, — деп әңгіме тиегін ағытқан ол, бір қызығы, тігіншілік бойынша бір курсқа да бармағанын өздігінен ізденгенін айтады.

Енді кәсібін кеңейтіп, жалюзи жасайтын шағын цех ашуды мақсат етіп отырған Ақтоты Ұзақбаеваәр адам сүйікті ісімен ғана айналысуы керек деп есептейді.Сол кезде кез келген бастама сәтті іске асады. Өйткенішын ықыласпенжасалған дүние бәрібір бөлек болады…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button