Жаңалықтар

Тапсырысы көп абысындар 

Тігінші Марал Қапсаламова шалқарлықтарға он саусағынан өнер тамған ісмер ретінде белгілі. Ол басқаратын ательеден шыққан бұйымдар аудандағы көп үйдің көркін ашып тұр.

Биыл кәсібін бастағанына он жыл толатын шебер 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мені тігіншілікке қызығушылықтан бұрын мұқтаждық алып келді. Ауылдық жерде тұрғандықтан, қонақтар үзілмейді. Көрпе-төсек қай кезде де керек. Әрі осыдан 20-25 жыл бұрын қазіргідей дайын тауарлар қат еді ғой. Сондықтан әуелі үйге көрпе-жастықтарды тіге бастадым. Кейін қолымнан шыққан дүние басқаларға ұнағандықтан, үйден тапсырыс алуға көштім. Сөйтіп, осы кәсіп түріне 2015 жылы мықтап кірістім.

Қазіргі таңда қыз жасауын, көрпе-жастық, үйге арналған басқа да жабдықтарды, сондай-ақ көптеген киім түрін тігеміз. Тапсырыс көп болғанда қасыма абысыным Мейрамгүл Байтілеуқызын шақырып алып, бәріміз шүйіркелесіп отырып, бірлесе тігеміз. Кейде тіптен басқа тапсырыстардан бас тартуға тура келеді. Өйткені үлгермейміз. Мысалы, қазір мектеп формасын тігіп жатырмыз. Соның әсерінен өзге келушілер үшін есігіміз уақытша жабық, — дейді Марал.

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,6 миллион теңге несие алған кәсіпкер жаңа құрылғылар сатып алып, қызмет түрін кеңейткен. Енді ол басшылық ететін ательеде ескі көрпе-төсекті жаңартуға болады.

«Халқымыздың ұлттық киімдері заманмен қатар дамып, сұранысқа ие болып келе жатқаны, оған қоса мемлекетіміздің бізге, жеңіл өнеркәсіп иелеріне көңіл бөле бастағаны қуантарлық жағдай. Көбіне қыз жасауын, ұлттық костюмдер тіккенді ұнатамын. Ою-өрнектерді безендіре отырып салу, оны әшекей тастармен көмкеру — қызық әрі күрделі процесс. Айрықша шабытты қажет етеді. Бұл істе шыдамды адам ғана тұрақтайды. Жолымды қуған ешкім жоқ, бірақ қызым Ақгүл басқа саланы таңдаса да менен артық тігеді. Ұзатылғанда жасауын өзі тігіп алды, тігіншілік өнерде өте епті», — дейді ісмер.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button