Картоп сапасына мән беріледі

Анық-қанық
Картоптың бағасы мен сапасына қатысты әңгіме азаймай тұр. Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы Зульфия Набиулинаның айтуынша, егер өнім сапасыз, шіріген, сатуға келмейтін болса, сауда сөрелеріне шығарылмайды екен.
Қазіргі таңда Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорында 1164 тонна картоп бар. Апта сайын ірі гипермаркеттер мен «Табыс» шағын базарларына 100 тоннаға жуық өнім жеткізіледі. Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, өткен жылдың соңында кейбір шаруа қожалықтарынан әкелінген картоптың сапасы нашар болып шыққан. Сондықтан өнім саудаға шығарылмаған.
— Жалпы, шаруа қожалықтарынан әкелінген өнім сұрыпталады. Тұрақтандыру қорынан гипермаркеттерге өнімді жіберген кезде, олар да сұрыптайды. Егер өнім сатуға келмейтін болса, сөреге шығармай, қорға қайтарып жібереді, — деді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ екі апта бұрын 460 келі шіріген картоп шаруа қожалықтарына қайтарылғанын айтты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.