Жаңалықтар

Мопед жүргізуге куәлік қажет

                                                                                                                                                         Брифинг

Биыл 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралына теңестіріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Мопедтерді тіркеу ережелері туралы» тақырыпта өткен брифингте облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегенов мәлімдеді.

— Заңнамалық өзгерістерге байланысты мопедтер механикалық көлік құралына теңестірілді. Биыл 5 сәуірден бастап заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Яғни, аталған күннен бастап мопедтерді пайдалану тек полицияда тіркеуден өткен, A1, A және B санатындағы жүргізуші куәлігі, техникалық тексеруден өткен және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мопедтерді тіркеу үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет, — деді Еркін Өтегенов.

Брифингте спикерлер мопедті тіркеу үшін қажетті құжаттар тізімін де атады. Ол үшін жеке куәлік (электронды түрде көрсетуге болады), техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтермен қатар, өтініш толтырылады. Сонымен қатар мопедті тексеруден өткізу, тіркеу үшін мемлекеттік баж салығы төленеді. Мопедті тіркеу үшін 0,25 айлық есептік көрсеткіш (983 тг.) мөлшерінде, тіркеу куәлігін беру үшін 1,25 АЕК (4 915 тг.) және мемлекеттік нөмір алу үшін 1,4 АЕК (5 505 тг.) төлеу қажет.

— 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынатынын ескертеміз. Сондықтан біз мопед иелерін алдын ала тіркеуден өтуге және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға мопед жүргізу құқығын алу үшін автокөлік мектептерінде оқуға кеңес береміз, — деді спикер.

Брифингте департамент өкілдері мопедтерді тіркеу және жүргізуші куәлігін алу мәселелерін соңғы күндерге қалдырмауды ұсынды. Олар бұл мәселеге қатысты сауалдарға таңғы сағат 09.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін 8(7132) 46-24-40 нөміріне хабарласып, нақты жауап алуға болатынын айтты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button