Жаңалықтар

Тіл — достық көпірі

Ассамблея — елімізде барлық этностар арасында мемлекеттік тілді дамытуға және дәріптеуге ықпал ететін құрылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ассамблея сессиясында еліміздегі  мемлекеттік тіл саясаты мен оның болашағы туралы өзекті мәселені көтергені белгілі. Президенттің мәлімдемесінде тілге қатысты стратегияны кезең-кезеңімен, байыпты түрде жүзеге асыруға басымдық берілетіні айтылды. «Тіл — көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бүгінде өңірімізде этносаралық қарым-қатынас  құралы ретінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақтөбедегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің және «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының төрағасы Роман Рахиев осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар жайын айтты.

115 000 мүшесі бар ұйым

Президенттің қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру жөніндегі сенімі мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған нақты қадамдардың бар екенін көрсетеді. Дегенмен бұл процестің ұзақ мерзімді екенін және әртүрлі сыртқы-ішкі факторларды ескеруді қажет ететінін атап өтуі  тіл саясатына байланысты ұстанымның прагматикалық екенін білдіреді.Сондай-ақ мемлекеттік саясаттың түрлі этностық топтарды назардан тыс қалдырмай, оларды қолдау арқылы қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталғаны байқалады. Бұл ұстаным елдегі ұлтаралық татулықты сақтап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің тиімді жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.Дегенмен қазақ тілінің шынайы этносаралық тілге айналуы үшін заңнамалық, білім беру, медиа және күнделікті қарым-қатынас деңгейінде кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет. Егер бұл жұмыстар қарқынды әрі жүйелі түрде жалғасатын болса, мақсатқа қол жеткіземіз, — дейді Роман Рахиев.

Оның айтуынша, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылған күннен бастап тіл мәселесіне ұдайы назар аударылып келеді. «Қазақ тілі» қоғамы елдің санасына серпіліс әкелді, елдігімізді, ұлттық бірлігімізді айғақтап, Отанға деген, ана тілімізге деген намысымызды қайрады. Бүгінде мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміз ел азаматтарын біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын фактор екенін баршамыз түсінеміз», — дейді ол.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының республикалық ұйымы 1989 жылы Алматы қаласында зиялылардың ұйымдастыруымен құрылды. Қазір облыста аталған қоғамның 14 ұйымы тұрақты жұмыс істейді. Облыс бойынша бұл қоғамның 644 бастауыш ұйымында 115 000 мүшесі бар.

Курстар және 8 кабинеттің жұмысы

Қоғам өз жұмысын еліміздің Ата Заңы, «Тіл туралы» Заң және ұйымның Жарғысы мен халықаралық құқықтық адамгершілік нормалар негізінде жүргізеді. «Қазақ тілі» қоғамының негізгі міндеті — қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге ықпал ету, қоғамда ана тілінің беделін арттырып, оның қолданысын күшейтуге бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыру. Ұлттық сана ұлттық тілмен ғана қалыптасады десек, біздің ұлт болып қалыптасуымыз тек қана ана тілімізге тікелей байланысты, — дейді Роман Рахиев.

Қоғам басшылығының айтуынша, қазір өңірімізде этносаралық қарым-қатынас  құралы ретінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — аймақтағы 8 ірі мекемеде арнайы жабдықталған «Қазақ тілі» кабинеті бар.

Қазір мемлекеттегі тіл саясатының ерекшелігі — елімізді мекендеген ұлттардың тіліне қолдау көрсете отырып, қазақ тілінің Конституцияда бекітілген дәрежесіне сәйкес қызмет етуді қамтамасыз ету. Бұған жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың, тіл үйрету курстарының ықпалы зор. Соның бірі — облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының қызметі нақты нәтиже беруде.Соңғы жылдары Ақтөбедегі «Қазхром», «ҚазТрансГазАймақ» кәсіпорындары мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жанындағы медициналық орталығы, көпсалалы облыстық аурухана сияқты ірі-ірі мекемелерде  «Қазақ тілі» кабинеттері ашылып, қоғамның бастауыш ұйымдары тұрақты жұмыс істеп жатыр, — дейді ол.

Тіл саясаты — науқандықшаруа емес…

Мемлекеттік тіл саясаты науқандық немесе даңғаза түріндегі шаруа емес, ол ұдайы жетілдіруді, тұрғылықты қазақ ұлты мен этнос өкілдері арасындағы сыйластықты нығайтуды қажет етеді. Мемлекеттік тілді меңгеруге ықылас білдірушілердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Тіл меңгеруге құлшыныс білдірген өзге ұлт өкілдерін ынталандыру іс-шаралары да тұрақты түрде жүргізіледі, — дейді қоғам төрағасы.

Соның айқын дәлелі, былтыр Қарғалы ауданында «Тіл — достық көпірі» тақырыбындаөзге ұлт өкілдерінің қатысуымен тіл фестивалі, облыс орталығында «Мемлекеттік тіл — менің тілім» тақырыбында облыстық байқау, сондай-ақ жоғары оқу орындары студенттері арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында байқау мен Ассамблея өкілдерінің қатысуымен екі рет дөңгелек үстел сұхбаты ұйымдастырылыпты.  Тіл айлығы кезінде де аймақтағы білім беру ұйымдарын қамтыған ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылған.

Оның айтуынша, бүгінде аймақта мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің базасы жасақталып,спикерлер тізімі де дайындалған.

«Мәміленің» дәрісі

Қазір елімізде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осындай этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін және олардың қазақ тілін меңгеруіне мүмкіндік жасау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясыжанынан еліміздің барлық облысында «Мәміле» тілдесу клубы ашылып жатыр. Мұндай клуб өңірімізде де өз жұмысын бастады. Бүгінде бұл клубтан аймақтағы 17 этномәдени бірлестікөкілдері дәріс алады.

«Мәміле» тілдесу клубының жұмысы түрлі форматта өтеді. Яғни онда қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары, жалпы өмір сүру дағдысы ойын, сабақ түрінде, күнделікті сөйлесу әдісімен таныстырылып, үйретіледі. Сабақ жексенбі сайын бір сағат өтеді. Клубтағы 40 оқушының қызығушылығы күннен-күнге артып келеді. Олардың арасында өз ана тілін түрлі себептерге байланысты білмейтін, бірақ үйренуді ниет еткен қазақтар да бар. Домбыра тартатын, қазақ тілінде ән шырқайтын, республикалық, облыстық байқауларға қатысып жүрген өзге ұлт өкілдері көп. Бір қуанарлық жағдай, байқағанымыздай, этнос өкілдерінің арасында қазақ тіліне деген қызығушылық артып келеді, — деді облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Роман Рахиев.

«Мәміле» тілдесу клубындақазақтың әндері арқылы мемлекеттік тілді үйрету, «Sende bir kirpish dúnyege…» ұлттық ойындар бойынша жарыстар, «Ұлы даланың ұлттық тілі» атты тәрбие сағаттары, «Тиімді тілдік орта»ойын түріндегі викториналар, диалогтік ашық алаңдар сияқты іс-шаралар өткізіледі.

Мемлекеттік тілді дәріптеу және қолдану аясын кеңейтуге бағытталған «SŪQBATTAS» подкасты, «Коntent-Media» бейнероликтер топтамасы,  Kahoot интернет-платформасындағы  «Qazaqsha quiz: Open Air» зияткерлік ойындарына қатысуға Ассамблея жастары белсенділік танытады.

Қазіргі күні Ассамблея жанындағы облыстық «Қазақ тілі» қоғамы жергілікті атқарушы органдармен қоян-қолтық жұмыс істейді, іс-шаралар жоспары бірге құрылады. Мұның бәрі — аймақта мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейту бағытында бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button