Ауқымды жоспарлар мен айтулы жиындар
2025 жылыатаулы даталардың құрметіне ұйымдастырылатын көпшілік шаралар аз емес. Түрлі сала бойынша әртүрлі деңгейде өткізілетін басқосуларды айтпағанда, облыс бойынша ашылатын нысандар, инфрақұрылым игіліктері де бірталай. Жылан жылындағы жоспарға енген жұмыс-жобалардың аужайына тоқталсақ.
11 ауылға су, 24 ауылға газ желілері тартылады
Өткен жылдың соңында Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген облыс әкімі Асхат Шахаров 2025 жылы 10 инвестициялық жобаны іске асырып, 1 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын айтты. Өнеркәсіп бойынша 2 триллион теңгеге өнім өндіру — басты меже.
— Өңірдің транзиттік әлеуетін бұдан әрі дамыту мақсатындаҚандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз республикалық автожолының 110 шақырымының құрылысы аяқталады.Нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесін 80 пайызға жеткізіп, сол бағытта 46 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ өңір үшін маңызды республикалық Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын автожолының 6 учаскесін жаңарту жоспарға енді.
Инженерлік инфрақұрылымға келсек, 5,5 мыңнан астам халқы бар 11 ауылға ауызсу жүргізіп,24 ауылға газ желісін қосамыз. Бұдан басқа 2025 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 975 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, 3 үш ауысымды, 2 апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында 16,4 мың оқушыға арналған 27 мектеп салынады. Және арнайы балаларға арналған 300 орындық балабақшаның құрылысы басталады.
27 ауылды интернет тартып, қамту деңгейін 98,8 пайызға дейін жеткіземіз. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдардың 340 шақырымында мобильді байланыспен қамтитын 17 мұнара орнату жоспарда бар, — деді Асхат Берлешұлы.
Әлия — 100: халықаралық форум,республикалық айтыс
Мемлекеттік деңгейде тойланатын шаралар тізімінде Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы бар. Өңірде еліміздің басты құжаты – ҚР Конституциясы және ел бірлігінің символы — Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі белесіне орайластырылған іс-шаралар легі ауылдық деңгейге дейін ұйымдастырылмақ.
Ақтөбеден шыққан қаһарман қыз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы кең көлемде тойланады деп жоспарланып отыр. Аталған датаның мемлекеттік іс-шаралар тізіміне енгенін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап өткен-ді.
— Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар аясында облыс көлемінде бірнеше маңызды бастамалар қолға алынады. Былтыр Қобда ауданындағы «Әлия» ауылдық клубы, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Бұлақ ауылындағы музейге демеушілік көмекпен газ желісін қоссақ, биыл батыр қыздың Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники секілді қалаларындағы монументтері мен ескерткіштерін зерделеу және Монакова ауылында жерленген жерінің жағдайын бақылау жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар «Әлия» кітабының интерактивті AR–book қосымшасы шығарылады, жергілікті өнімдерге «Әлия 100» логотипі енгізіледі.Жыл бойы Ақтөбе қаласы мен аудандардың даңғылдары мен көшелері «Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы» тақырыбында безендірілмек.
Жастардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында «Әлияға арнау» тақырыбында облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі патриоттық әндер байқауларыөтеді. Ақпан айындапневматикалық атудан «Мерген ару» байқауы ұйымдастырылса, іле-шала соның республикалық кезеңі де Ақтөбеде шымылдығын түрмек. Сонымен қатар ақпан айының үшінші онкүндігінде Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Ер есімі — ел есінде» жалпыұлттық акция аясында «Әлия — қаһармандық дастаны» көшпелі көрмесі ашылады.
Негізгі шараларға тоқталсам, маусым айында «Әлия — ән. Әлия — жыр. Әлия — дастан» республикалық ақындар айтысы және «Ғасырларға жалғасқан ерлік» халықаралық форумы өткізілмек, — дейдіоблыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.
Сондай-ақ Әлияның құрметіне сәуір-маусым айларында Қобда ауданындағы киелі жерлерге мектеп оқушылары мен жастарға арналған экскурсиялар, әлиятанушы Ғалымжан Байдербестің 90 жылдығына арналған «Ерліктің шырақшысы» еске алу шарасы, Т.Ахтанов атындағы театрда Ә.Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклінің премьерасы, Ақтөбе қалалық мәдениет үйінде «Әлия гүлі» Х халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылық фестивалі, т.б. мерейтойлық шаралар ұйымдастырылмақ.
АЙТПАҚШЫ…
Жыл басында «Ана тілі» газетіне сұхбат берген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алатынын атап өтті.
— Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды.
Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы — Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Бауыржан Момышұлының — 115, Мәлік Ғабдуллиннің — 110, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді, — деді баспасөз бетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы.
Мерейтойлар…
Ақтөбеде туған перзенттердің арасында биыл Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығы, ақын әрі драматург Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы атап өтіледі деп күтілуде.
— Белгілі би, жырау Мөңке Тілеуұлының 350 жылдығына орай Ақтөбе қаласындағы ескерткіші мен көшесі абаттандырылып, «Мөңке мұңы»деректі фильмі түсіріледі. Сондай-ақ қыркүйек айының екінші онкүндігінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Дала данышпаны» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Мөңке би» тарихи драмасының премьерасы болады. Ал«Өнер орталығы» ғимаратында «Құбыладан шыққан күн» республикалық айтысы өтеді.
Қазақстанның халық жазушысы, драматург Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы аясында қыркүйек айында «Әдебиет. Рух. Қоғам» халықаралық әдеби байқауы мен «Balausa-VІІ» халықаралық экспериментальды спектакльдер фестивалі ұйымдастырылмақ.
Мұнымен бірге Үкіметтің қаулысына сәйкес ақын Ақтан Керейұлының — 175, Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың — 100, әскери қайраткер, генерал-лейтенант Жансен Кереев — 95, ғалым, техникалық ғылым докторы, профессор Қайыр Жұбановтың — 90, сатирик Үмбетбай Уайдиннің — 90, жазушы Табыл Құлиястың— 90, ақындар Есенбай Дүйсенбайұлы мен Кәрім Айнабековтің 85 жылдықтары ескерусіз қалмайды, — дейді Алтынай Юнисова.
Биыл Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы мерейлі 70 жасқа толғалы отыр. Талай кең тынысты әндердің авторына арналған мәдени-көпшілік шаралар Ақтөбе қаласы мен мерейтой иесінің туған жері Мұғалжар ауданында өтпек.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.