Басты жаңалықтар

Жылу мен судың бағасы өзгерді

Ақтөбеде бірінші қаңтардан бастап коммуналдық төлемнің бағасы өзгерді. Осы уақытқа дейін ақтөбеліктер судың әр текшее метріне 129 теңге төлеп келсе, енді 154 теңге төлейді. Ал заңды тұлғалар мен бюджет мекемелері үшін судың бағасы арзандады. Жылу мен судың қымбаттағанын ай соңында келетін түбіртектен байқап жатқандар да бар. Тұрғындардың көпшілігі бағаның қанша пайызға көтерілгенінен бейхабар. Баға не себепті өсіп отыр? Қанша пайызға өсті? Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсеннен сұрап білдік.

Бағаның көтерілуіне не себеп?

Бірінші қаңтардан бастап жылу мен судың бағасы өсті. Тарқатып айтар болсақ, бұған дейін қарапайым тұрғындар судың текше метрі үшін 129 теңге 89 тиын төлеп келді. Енді бірінші қаңтардан бастап 154 теңге  57 тиын төлейді. Яғни 24 теңге 70 тиынға өсіп отыр. Ал заңдытұлғалар мен бюджет мекемелері үшін судың бағасы арзандады. Заңды тұлғалар сумен жабдықтау қызметі үшін қосымша құн салығын есептегенде, бір текше метріне 465 теңге 50 тиын төлесе, енді 429 теңге 95 тиын төлейді. Ал бюджеттік ұйымдар үшін судың әр текше метрі  914 теңге 84 тиын болса, енді 846 теңге 80 тиын, яғни 68 теңгеге арзандап отыр.

— Жоспарлы түрде тарифте рөзгеріп отырады. Бүгінгі күні заңды тұлғалар, бюджеттік ұйымдар және жеке тұлғалар әртүрлі тарифпен төлем жасайды. Яғни 2029 жылға дейін тарифтің әртүрлілігін  бірыңғайландыру көзделген. Қазір осы мақсатта жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни 2029 жылдан  кейін барлық тұтынушылар жылу мен судың бағасын  бір тарифпен төлейтін болады.

Сондай-ақ биыл жылудың тарифі тұтынушылардың барлық санаттары үшін өзгерді. Мәселен, жеке тұлғалар бұған дейін қосымша құн салығын есептегенде бір текше метрі үшін 198 теңге 48 тиын төлеп келсе, енді 235 теңге 37 тиын төлейді. Көпшілік «жылу мен судың бағасы неге өсіп жатыр» деп түсінбеуі мүмкін. Бұның өз себебі бар. «Aqtobesu-energygroup» акционерлік қоғамы былтыр қызметкерлерінің еңбекақысын өсірді. Бұдан бөлек Энергетика министрлігінің бұйырығына сәйкес былтыр бірінші шілдеден бастап біздің облыста тауарлық газдың көтерме бағасы 35 пайызға қымбаттады. Бұның барлығы жылу бағасының көтерілуіне әкеліп отыр, — деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен.

Ал кәріз жүйесі, газбен жабдықтау және электр энергиясы қызметтеріне тариф өзгермейді. Тұрғындар бұған дейін қандай бағамен төлеп келсе, солай төлей береді.

Тұрғындар қайда хабарласады?

«Aqtobesu-energygroup» акционерлік қоғамының мәліметінше, қызметкерлер қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін тәулік бойы тынымсыз еңбек етеді.

— Мамамандаркүн-түндемейтұрғындарға су мен жылудыңүздіксізберілуіүшінқызметкөрсетеді. Құбыр жарылып немесе қандайда бір ақау шығып қалмас үшін үнемі тексеріп отырады. Сондай-ақ  тәулік бойы апаттық-диспетчерлік қызмет жұмыс істейді. Тұрғындарды сұрақтар мазаласа, 740-444 нөмірі арқылы хабарласа алады. Бұдан бөлек  Telegram чаты https://t.me/aqtobesuchat және Instagram @aqtobesu парақшасы арқылы байланысуға болады. Тұрғындардың барлық өтінішіне жедел жауап беріп, мәселенің оң шешілуі үшін қызмет көрсетеміз, — делінген кәсіпорынның хабарламасында.

Сондай-ақ тұрғындар салқын су мен ыстық судың есептеуіш құралдарының көрсеткіштерін 740-420 телефон нөмірі арқылы жолдай алады. Ал заңды тұлғалар 95-41-21, 57-80-36, 90-70-52, 90-70-48, 90-70-53, 90-70-54 телефон нөмірлері арқылы хабарлауына болады. Сонымен бірге мәліметті тұтынушылармен тікелей жұмыс жасайтын агентке де жіберуге болады. Оның нөмірі  кәсіпорынның шот-хабарламасында көрсетілген. Сондықтан тұрғындар қандайда бір сұрақтар болса, мекемеге келмей-ақ  маманға хабарласып, мән-жайды білуіне болады.

Бұдан бөлек тұтынушы есептеу құралдарының көрсеткіштерін aqtobesuenergy.kz сайты арқылы тұтынушының жеке кабинетіне енгізуге болады. Кәсіпорынның мәліметінше,  бұның барлығы даулы мәселелер туындамас үшін жасалып отыр.

Сондай-ақ қала тұрғындары әр айдың 25-не дейін  коммуналдық қызметтің төлемін жасауы керек. Төлемді онлайн-банкинг, екінші деңгейлі банктер арқылы  немесе кәсіпорынның кассаларына барып төлеуге болады. «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы да төлем жасауға болады.

Тұрғындар не дейді?

 Айман Мұсабекқызы, Жаңақоныс ауданының тұрғыны:

— Бұқаралық ақпарат құралдарынан қаңтардан бастап коммуналдық төлемнің өсетінін естідім. Жеке үйде тұратын болғандықтан жылуға көп ақша жұмсаймыз. Айына шамамен жиырма бес мың  теңгеден астам қаржы коммуналдық төлемге кетеді. Бағаның көтерілгені қарапайым халық үшін тиімсіз. Қазір азық-түлік те қымбаттап жатыр.

Нұржан Айымбет, Тұрғындар қалашығы ауданының тұрғыны:

— Менің еңбекақым — 170 мың теңге. Мекемеде көлік жүргізуші болып жұмыс істеймін. Үш балам бар, әйелім үй шаруасымен айналысады. Бәріміз бір айлыққа қарап отырмыз. Коммуналдық төлемге 30 мыңдай ақша жұмсаймын. Баға жыл сайын өседі. Қиналатын қарапайым халық. Бірақ басқа шаруаны кейінге қалдырсам да, коммуналдық төлемді бірінші төлеймін. Себебі ыстық су, жылу, газ бен жарықсыз отыру мүмкін емес.

Қарлығаш Сағынбаева, Тұрғындар қалашығы ауданының тұрғыны:

— Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы тұрғын үйлердің бірінде  екі бөлмелі пәтерде тұрамын. Бұған дейін айына 20 мың теңгені коммуналдық төлемге жұмсап келдім. Осы айда бұдан да көп төлейтін шығармын. Себебі жылу мен судың қымбаттағанын теледидардан естідім. Азық-түлік, дәрі-дәрмек — бәрінің бағасы көтеріліп жатыр. Қарапайым тұрғындарға оңай соқпасы анық.

ҚҰДЫҚТАРҒА СҮЗГІ ОРНАТЫЛЫП ЖАТЫР

«Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының мәліметінше, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Мәселен, пилоттық жоба аясында Т. Рысқұлов көшесі, 4 мекенжайында орналасқан құдыққа  биологиялық сүзгі орнатылды.

Бұл сүзгі заманауи биотехнология бойынша жасалған. Арнайы био-препараттар қолданылады. Бұндай сүзгі суды тиімді тазартып, толық экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Құрылғыны пайдалану оңай және оны күтіп ұстауға жұмсалатын шығын да аз,— делінген хабарламада.

Егер жоба оң нәтиже көрсетсе, компания осындай сүзгілерді бүкіл қала бойынша құдықтарға орнатады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button