Жаңалықтар

Маркетплейстердегі алаяқтық: Өзіңізді қалай қорғауға болады

Қаржылық сауат

Мерекелерден кейін сыйлықтар, жеңілдіктер және акциялар туралы ойлармен жүргенде, көптеген сатып алушылар танымал маркетплейстерде сақтықты естен шығарып алады. Мұны алаяқтар бірден  пайдаланып, жаппай мерекелік онлайн-сатып алулар кезінде белсенділігін арттыра түседі. Қаскүнемдер сенгіш азаматтарды алдау үшін барған сайын айлакерлік схемаларды ойлап табуда.

Тиімді сауда жасадым деп жүргенде, сіз ақшасыз және тауарсыз қалуыңыз мүмкін. Fingramota.kz алаяқтардың торына түспеу жолдарын түсіндіреді.

Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, биыл елде 22 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның шамамен 34 пайызы жалған тауарлар мен қызметтер туралы хабарландырулар, жалған сайттар және жалған сатушылармен байланысты жағдайларды құрайды.

Жалған хабарландырулар

Алаяқтар қымбат тауарды—мысалы, смартфон немесе ноутбукты өте тиімді бағамен сату туралы хабарландыру орналастырады. Олар алдын ала төлем талап етіп (көбінесе танымал емес немесе шетелдік төлем жүйелерін қолдана отырып), ақшаны алғаннан кейін жоқ болып кетеді. Тағы бір мысал— көлікке «бронь қою» үшін кепілақы енгізуді талап ететін автокөлік сатылымы туралы хабарландырулар.

Естеріңізде болсын, ешқашан тауарды алғанға дейін бейтаныс сатушыларға ақша аудармаңыз. Сонымен қатар жеткізілімді немесе ресми төлем шлюзін қамтамасыз ететін ұсынылып отырған платформаның (маркетплейстің) қауіпсіз төлем әдістерін пайдаланыңыз. Егер сізден жеке аударым талап етілсе, бірден олардың сізді пайдаланып ақша тапқысы келетін алаяқтар немесе жосықсыз сатушылар екенін түсініңіз.

Жалған тауарлар немесе дүкендер

Алаяқтар танымал тауарларды тым төмен бағамен ұсынатын дүкен жасайды. Клиент тапсырысты төлейді, бірақ не жалған тауар алады, не мүлдем ештеңе алмайды. Қазақстанда маркетплейстерде жиі түпнұсқа электроника ретінде оның арзан көшірмелері (қолдан жасалғандары) сатылады, олар сатып алушыларға кепілдіксіз немесе жарамсыз күйде жеткізіледі.

Өзіңізді қорғау үшін сатушы туралы пікірлерді әрқашан тексеріңіз. Егер дүкеннің пікірлері аз болса немесе олар біркелкі жазылған болса, ал баға басқалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болса, мұндай жағдайлар бірден күмән туғызары сөзсіз.

Жалған қайтарымдар мен шағымдар

Бұл алаяқтық түрі сатушыларға әсер етеді: алаяқтар тауарға тапсырыс беріп, содан кейін оны қайтарған болады, бірақ түпнұсқа тауардың орнына жалған зат салады немесе бос қорап жібереді. Тіпті қорапқа тастар салынған жағдайлар да тіркелген. Қалай болғанда да сатушылар ақшасынан айырылады, ал платформалар көбінесе «сатып алушы» жағында болады.

Сондықтан да тауарды жібермей тұрып, алдымен оны суретке түсіріп, бейнетүсірілім жасап алған жөн. Платформадағы сатушыны қорғаңыз және тауар нашар күйде қайтарылса, шағым жасаңыз. Ең бастысы—үндемей қалмаңыз және алаяқтыққа жол бермеңіз.

Зиянды сілтемелер арқылы деректерді жинау

Алаяқтар сатып алушылардың тауарды тезірек алу ниетін пайдаланып, маркетплейстің ресми беттері ретінде көрсетілетін фишингтік сілтемелер жібереді. Пайдаланушылар деректерін енгізеді және осылайша құрылғысына әртүрлі вирустардың енуіне жол береді, не фишингтік сайтта тіркеліп, өздері туралы құпия ақпарат қалдырады, оны алаяқтар одан әрі өз схемаларында пайдаланады.

Тағы бір нұсқа—белгілі интернет-дүкендерден «тапсырысты растау қажеттігі» туралы ескертулерге еліктейтін фишингтік хаттар.

Ақшаңыз бен жеке деректеріңізді жоғалтып алмас үшін, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және URL-мекен жайды мұқият тексеріңіз: ол маркетплейстің ресми доменіне сәйкес келуі және https-тен басталуы керек.

Жалған курьерлер мен жалған жеткізу қызметтері

Мұнда алаяқтар өздерін курьер немесе жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, жеткізу үшін алдын ала төлем сұрайды, бірақ оған қол жеткізілмейді. Кейде қаскүнемдер сізгеқ осымша ақыға «жедел жеткізу» қызметін ұсынады, әрине ол кейіннен өтірік болып шығады.

Маркетплейс ұсынған ресми жеткізу қызметтерін ғана пайдаланыңыз және жеткізу төлемін ешқашан курьерге төлемеңіз. Сондай-ақ егер тапсырыс бермегеніңізге сенімді болсаңыз, курьерлерге SMS-кодты айтпаңыз.

Жалған ұтыстар мен жеңілдіктер

Барлығымыз жеңілдіктер мен акцияларды жақсы көреміз, мұны алаяқтар жиі пайдаланады. Пайдаланушыларға үлкен жеңілдік немесе тауар ұтып алғаны (сыйлық) туралы хабарлама келеді. Сыйлық алу үшін олар «жеткізу» немесе «салық» үшін төлем жасауды сұрайды.

Ұтыс туралы ақпаратты әрдайым маркетплейстердің ресми сайттарынан тексеріңіз. Сондай-ақ белгісіз нөмірлерден немесе email мекенжайларынан  келген хабарламаларға сенбеңіз.

Бөгде қосымшалар арқылы төлем жасау

Сіз маркетплейстен тауарға тапсырыс бергеніңізді ұмытпаңыз, ал «сатушы» сізді тауарды бөгде төлем жүйелері арқылы төлеуге көндіруге тырысады ма? Сізге бұлжағдайда алаяқтың хабарласып тұрғаны белгілі. Қаскүнемдер әдетте мессенджерлер арқылы немесе ақшаны тікелей аударуды сұрайды, ал ақша аударылғаннан кейін, әрине олар бірден жоқ болып кетеді.

Есте сақтаңыз: тауарды тек қорғалған төлем жүйелері арқылы төлеңіз,бейтаныс адамдарға тікелей ақша жібермеңіз. Ресми дүкендер мен сатушылар мұндайға ешқашан жол бермейді, себебі олар өз беделін жоғалтқылары келмейді.

Қауіпсіздік бойынша тағы да аздаған ұсыныстар:

—дүкендер рейтингін және сатушылар туралы пікірлерді қарап, тексеріп шығыңыз;

—шамадан тыс тиімді ұсыныстарға сенбеңіз;

—хат-хабарларды және түбіртектерді сақтаңыз—бұл талқылаулар кезінде көмектеседі;

—хабарламалар мен хаттарға мұқият болыңыз: ресми ұйымдар ешқашан бейтаныс шоттарға ақша аударуды сұрамайды.

 

Осы кеңестерді ұстанып, әрбір қадамыңызды тексеру арқылы жағымсыз жағдайлардан аулақ болып, қаржыңызды қорғай аласыз!

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауатты болыңыз.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button