Мамандар қажеттілігін нақтылайтын сауалнама

Жұмысшы мамандықтары жылы
Биыл — елімізде жұмысшы мамандықтары жылы. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан 2025 жылдың 15 ақпанына дейін еліміз бойынша жұмыс берушілер арасында сауалнама ұйымдастырып отыр. Осы ретте Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы 2025-2027 жылдарға арналған мамандар қажеттілігін нақтылау мақсатында өңірдегі жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізуді бастады.
Облыстағы өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Баймұратованың айтуынша, біздің өңірде 90 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 82 мыңнан астамы белсенді жұмыс істейді.
— Жұмысшы мамандар тапшылығы мәселесін ақтөбелік кәсіпкерлер салалық кеңестер мен форумдарда жиі көтереді. Әсіресе құрылыс саласының өкілдері жетіспейді. Аталған сала кәсіпкерлерінің айтуынша,қазіргі жастардың дені ауыр физикалық еңбектен бастартады, ал бұл жұмыс күшінің жетіспеуін туғызып отыр. Сол сияқты бұл мәселе ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және білім беру салаларында да өзекті саналады. Біздің міндетіміз — 2300 кәсіпорын арасында сауалнама жүргізіп, өңірімізде қандай маманға қажеттілік барын анықтау.Жұмыс берушілердің 1135-і — заңды тұлғалар болса, 1165-і — жеке кәсіпкерлер. Біз кәсіпорын басшыларымен және кадр бөлімдерімен жеке кездесулер өткізіп, телефон арқылы да байланыс жасап жатырмыз,— дейді Айнұр Баймұратова.
Сауалнама нәтижелері білім басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар үйлестіру басқармасына беріледі.
— Мамандар тапшылығы жастардың кәсіби даярлығына байланысты. Колледждер даярлайтын кәсіптік-техникалық мамандықтардың кейбіріөңірімізде сұранысқа ие емес. Сондықтан сауалнама нәтижелері оқу бағдарламаларын түзетуге көмектеседі деп үміттенеміз. Сондай-ақ сауалнама тек мамандарға деген сұранысты талдап қана қоймай, жұмысшыларды босату мен шетелдік жұмыс күшін тарту қажеттілігін бағалауға да мүмкіндік береді,— деп атап өтті Айнұр Баймұратова.
Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы сауалнамалар арқылы мамандар қажеттілігінің нақты көрінісін анықтап, білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік тапсырысты тиімді бөлуге болатынына сенімді.
Айнұр Баймұратова «Атамекен» ҰКП-ның кәсіби даярлау және біліктілікті арттырумен айналысатын оқу орталықтарының тізілімі де жүргізіліп жатқанын айтты.
— Қазіргі уақытта облыс бойынша тізілімге 36 оқу орталығы еніп отыр. Олардың 19-ы — кәсіпорындардың жанында, 13-і — колледждерде орналасқан, 4-еуі — тәуелсіз орталықтар. Былтыр 17 орталық 15 жұмысшы мамандық бойынша қысқамерзімді оқыту курстарын өткізіп, түлектердің 99 пайызы жұмысқа орналасты, —дейді Айнұр Баймұратова.
Өңір кәсіпкерлерімамандар қажеттілігі туралы сауалнаманы enbek.kz порталы арқылы онлайн режимінде өздері де толтыра алады. Сауалнама нәтижелері туралы ақпарат 2025 жылдың наурыз айының басында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарияланады.
Сонымен бірге өңірлік кәсіпкерлік палатасы еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын қоғамда насихаттау мақсатында «Жұмысшы мамандықтары жылына» орайластырылғаніс-шаралар жоспарын бекіткен.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



