14 бала өмірге келді
Перзентхана
1 қаңтар күні өңірдегі демографияның қалай өзгергені туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабар таратты.
2025 жылдағы ең бірінші сәби Байғанин ауданындағы перзентханада дүниеге келді. Сағат 00:10-даөмірге келген, салмағы 2900 грамм қыз бала — Райымбек пен Гауһар Оразғалиевтердің отбасындағы төртінші перзент.
Ал облыс орталығы бойынша бірінші сәби қалалық Қарғалы ауруханасында дүние есігін ашты. Сағат 00:20-да көпбалалы ана 5-ші бөбегін бауырына алды.
Шалқар аудандық перзентханасында ең үлкен салмақтағы нәрестенің туу дерегі тіркелді. Сәбидің салмағы — 4,2 келі.
Сәбилі болған ата-аналардың арасында бірінші болып Қандыағаш қаласындағы балаға есім берілді. Мұнда сағат 4:55-те Ерсұлтан есімді шақалақ дүниеге келді.
Жалпыоблыста Жаңа жыл түнінде барлығы 14 сәби өмірге келді. Оның тоғызы — ұл, бесеуі — қыз.
Барлық жаңа туған нәресте мен аналарды стационарлардың әкімшілігі өкілдері құттықтады.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.