Жаңалықтар

«Жүректегі әуендер» жүрек тербеді

Тұсаукесер

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Бауыржан Құрманқұловтың «Жүректегі әуендер» ән жинағының таныстырылымы өтті.

Кешті жүргізген жас ақын Аманжол Исламғали бұл шараның өзгешелігі қаламгердің ақындық қырын көрсету емес, сазгерлік сырына үңілу екенін нақтылап айтты.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова құттықтау сөз сөйлеп, танымал ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Бауыржан Құрманқұловтың өзінің өнегелі өлеңдерімен оқырмандардан ұзақ жылдар бойы сусындатып, көпшілікке рухани нәр сыйлап келе жатқанын айтты.

— Бауыржан Құрманқұлов еңбек жолын тәртіп сақшысы ретінде бастады, бірақ жас кезінен өзіне серік болған өлең өнеріне адалдығын сақтап келе жатқан қаламгер. Ол кезінде облыстық «Ақтөбе» газетінде де қызмет атқарды, сол кезден бастап азамат ретінде де, ақындық жағынан да жақсы білемін. Оның алғашқы өлеңдері «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» атты жас ақындардың ұжымдық жинақтарына енді. Кейін баспалардан «Кеш емес әлі», «Хат», «Бір өкініш, бір үміт», «Кешір мені», «Беу, дүние-ай!» өлең жинақтары, «Қыдыр ата» мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелер жинағы, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен бір томдық өлеңдер жинағы жарық көрді. Таңдаулы шығармалары «Жәдігер» антологиясына енді. Бүгін сазгерлік талантына тәнті болып отырмыз, — деді сөз алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақсан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин.

Сондай-ақ жиында бас қосқандар ақынның «Құрдымға апарар жол» толықметражды кинофильмде басты рөлдердің бірін сомдағанын да тілге тиек етті.

Бауыржан Құрманқұлов — «Беу, дүние-ай!», «Ауылдың балалары», «Сені іздеймін», «Ақты жұлдыз», «Әкеге хат», «Ең бақытты жұбайлар жыры», «Ой, құдаша!», «Сен мені сағындың ба?, жаным», тағы басқа жиырмадан аса әннің авторы.

Қазақстан Композитолар одағы облыстық бөлімшесінің төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері Аманжол Исмағұлов өзінің кітаптың алғы сөзінде: «Жүректегі әуендер», — атынан-ақ көрініп тұрғандай, жинаққа енген жиырма екі әннің қай-қайсысынан да, мейлі, ол Мұқағалидың, я Төлегенннің, мейлі, ол Маралтайдың я Бауыржанның өзінің өлеңдеріне жазылған ән болсын, олардан арлы ақын жүрегінің әдиса сырларын ашатын әсерлі әуенді естуге болады.

Байсалды талант иесі Бауыржан Құрманқұловтың бұл жинағы талғампаз өнер сүйгіш қауымның көңілінен шығады деп ойлаймын» депті.

Ақын-сазгердің туындыларының бірқатары патриоттық тақырыптарды қамтиды. «Ауғандықтар әні», «Ауғанстан жерінде», «Самауыр» солдаттың зары» әуендері тыңдарманын ойға қалдырады, бейбіт күннің қадірін ұғындырады.

Ал «Әкеге хат» атты сағыныш сазы кім-кімді де тебірентеді. Әсіресе:

Тұғырдан түспей тұсалса мәрттік,

Түсінген жанға сол айып.

Сілкінші, әке, күш алса қарттық,

Сүйенішің біз болайық, — деген жолдар көңіл қылыңды шертіп, асқар тау-әкеге деген жүрегіңдегі асыл сезіміңді білдіргендей болады.

Белгілі әнші-композитор Жандарбек Назаров,Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Нұржан Қаражанов осы кеште Бауыржан Құрманқұловтың әндерін нәшіне келтіріп орындап, көпшілік құрметіне бөленді.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Сұлушаш Кәкімова ақын-сазгердің туындылары жұртшылық арасында кеңінен танымал екеніне тоқталып, оны насихаттау ісінің алда да жалғаса беретіндігін айтты.

Кеште Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің бір топ оқушылары ақынның лирикалық өлеңдерін оқыды.

Әдемі кеш Жандарбек Назаровтың орындауындағы «Ақтөбем – батысымның жауһарысың!» атты әсерлі әнмен аяқталды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button