Жаңалықтар

Ұлу жылы ұлы бастамаларға толсын!

Қазақша жыл санау мен жыл қайыру кестесі бойынша берілген анықтамада ұлу жылы туғандар жыл бойы қауырт шаруамен жүретін көрінеді. «Ұлулар» негізінен еңбекқор, бірақ қанша жетістікке жетсе де өздеріне көңілдері толмайтын жандар. Алдағы жыл олардың кеңінен құлаш жайып, биіктерден көрінуіне жақсы мүмкіндік береді. Бастысы, жолындағы барлық қиындықтарды жеңіп, мақсаттары орындалады.
Байқағанымыздай, Ұлу жылы дүниеге келген әр кезең өкілдерінің тілегі ортақ. Ол — тыныштық, ынтымақ, молшылық.
1.    Ұлу жылдарының ішінде қай жыл есіңізде ерекше қалды? Несімен?
2.    Алдағы жылдан не күтесіз? Ұлу жылының «иесі» ретінде жұртқа қандай кеңес бересіз?
1928 жылы туған Ізтілеу Жаңаберген, зейнеткер:
1. Бұрындары егде адамдар ғұмырын мүшел жаспен, ал туған жылын жануардың есімімен есептейтін. Алдағы ұлу жылына тілегім, елімізде әрқашан тыныштық, бейбітшілік болсын. Өткенді аңсау емес, біздің кезімізде идеология мықты болатын. Еліміздің кейбір өңірлерінде бой көрсетіп жатқан келеңсіз оқиғалар ондағы жіберіліп отырған кемшіліктердің бірі десем қателеспейтін шығармын.
2.  Қай уақытта да Жаңа жылдан жақсылық күтетініміз рас. Еліміздің тыныштығы берік болсын. Қазіргі жас ұрпаққа айтарым, еліміздің еңсесі көтеріліп келеді, бізбен бүкіл өркениетті ел санасуда. Енді осы жетістіктерді одан әрі дамыта түсу барша қазақстандықтарға, әсіресе, жастарға байланысты.
Алдағы Ұлу жылы жаңа табыстар әкелсін!

1940 жылы туған Кәрім Айнабеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
1. Мен үшін есімде қалған ұмытылмайтын сәттердің бірі 1988 жылы болды. Бұл жылды айтып отырған себебім, оған дейін  мен бұрынғы Торғай (қазіргі Қостанай) облыстық өндірістік-техникалық басқармасы бастығының байланыс саласы жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 1988 жылы мен министрліктің пәрменімен қызметімді Ақтөбеде жалғастыруыма тура келді. Содан бері Ақтөбеде пошта саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықтым.
2. Келер жылдан үміт көп. Ең әуелі — елімнің тыныштығы қымбат. Әрбір азаматтың шаңырағына береке-бірлік, бақыт тілеймін.
1952 жылы туған Марат Жақсылықов, құрылысшы:
1. Мұғалжар ауданының Егіндібұлақ селолық округінде ұзақ жыл «К-700» маркалы техникасын жүргіздім. Әрине, ауылымыз Мұғалжар тауы етегінде орналасқасын, қысы ерекше қатты болады. Әлі есімде, 1988 жылы үскірік боран  мен аязда жолда қалып, қатты тонғаным бар. Содан бері дәл солай тоңып көрмеппін.

2.Жаңа жылдан күтер жаңалықтарым көп. Алдымен еліміз тыныш, несібеміз көп болсын. Әрбір шаңырақтың дастарқанында ас мол болсын. Әрине, ұлудан жасалған тағам демей-ақ қояйын.

1964 жылы туған Гүлшат Жұрұмбаева, М.Құсайынов атындағы мамандандырылған облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
1.    Менің өмірімде әрбір ұлу жылы үлкен өзгерістер мен жақсылықтарға толы болыпты. 1976 жылы мен 6-сыныпта оқып жүріп, Артекке демалуға бардым. Ал 1988 жылы  тұрмыс құрдым. Бір қызығы, жолдасым Аманкелді де ұлу жылында дүниеге келіпті. Оның үстіне, екеуіміз түйдей құрдаспыз. Жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған уақыт та ұлу жылымен тұспа-тұс келеді.
2.    Еліміздің әрбір шаңырағына татулық пен береке тілеймін. Өткен ұлу жылдардың жаңалықтары менің отбасымды алдағы уақытта да дәл сондай қуаныштарға кенелтсе екен деймін.

1976 жылы туған Алтынбек Қонаров, мұнайшы:
1. Жем бойында өссем де, бір рет те ұлу ұстап көрмеппін. Ұлу жылы туғандар алдағы жылды менің жылым деп қарсы алатын болар. Сондықтан, ұлудың қай жылы да мен үшін бағалы, ыстық. Әсіресе,  2000 жылы тұңғышым Луизаның екі жасқа толған туған күнін атап өткен сәт есімде қалыпты. Қызымның әрбір ісіне мақтанып отырамын. Биыл жазда ол Көкшетау қаласында «Балдәурен» балалар лагерінде тынығып қайтты.
2. Келер жылдан тек кереметтер күтетін болайық. Елімізде тыныштық орнап, әрбір шаңырақ бай-дәулетті болсын деп тілеймін. Ұмытып барамын, алдағы ұлу жылында міндетті тірде ұлу ұстап көретін боламын.
1988 жылы туған Әлия Қарина, Қарғалы ауданы Бадамша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақтан жаттықтырушысы:
1. 2000 жылы мен 7-сыныпта оқыдым. Сол жылы мектепішілік өтетін Жаңа жыл кешіне ерекше дайындалдым. Өйткені, сол кеште мен түрлі концерттік бағдарламалармен жұрт алдында өнер көрсететін болдым. Оның үстіне, анам сол кезде «Ұлу — сенің жылың» деп санама құйғасын ба, әрбір күнімді қызықты өткізуге талпынғаным есімде. Биылғы ұлу жылын да ерекше қарсы алуға дайындалып жатырмын. Жолдасым Рүстем ұлдарымыз Әбілмансұр мен Расулға арнап шырша құрды. Атасы мен әжесіне арнап кішкентайлар Жаңа жылдық тақпақтарын жаттап жүр.
2. Жалпы ұлулар бақалшаққа берік орналасқандықтан, көп қозғалмайтын,  бір-бірімен жауласпайтын жәндіктер екен. Сондықтан, ұлу жылының иесі ретінде адамдарды сабырлы, бауырмал болуға шақыраман. Әр жылдың өз ерекшелігі бар.
Ең бастысы — Алла Тағала денімізге саулық, отбасымызға амандық, елімізге тыныштық берсін!
P.S. М.Құсайынов атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы Ақниет Сағи — ұлу жылының иесі. Ақниеттің жеткен жетістіктері көп. Мектепішілік жарыстарды айтпағанда, көркем сөз оқу, түрлі ғылыми-тәжірибелік семинарларға белсенді қатысатын баланың бойында би билейтін өнер де бар.
Бетті әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button