Қашықтағы хабаршым, тілеулес шығармашылық топ

«АЛЫСТАҒЫ АҚТӨБЕМІЗДІ ЖАҚЫНДАТАТЫН СҮЙІКТІ ГАЗЕТІМІЗ»
Өңір баспасөзінің қара шаңырағы — облыстық «Ақтөбе» газеті биыл ғасырлық тойын атап өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған басылым үшін түрлі танымал тұлғалар да бөтен емес. Өйткені олар баспасөз беттері арқылы жылт еткен жаңалығын, өмір мен қызмет жолындағы сүйініш-күйінішін, жалпы жай-күйін білдіреді… Әрі туған жеріне сәлемін жолдайды.
Бүгінге дейін газет журналисіне сұхбат беріп, «Ақтөбенің» кейіпкері атанған түрлі салада жетістікке жеткен белгілі жерлестеріміз 100 жылдыққа байланысты жылы лебізін айтып, «туған күн» иесіне ақ тілегін ақтарды…
Лидия КӘДЕНОВА,
Қазақстанның халық артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері:
—Туған жерім — Ырғыз ауданына соңғы рет 49 жасымда бардым. Содан бері жол түспеді. Үлкендердің көбі қазір өмірде жоқ…

Ырғызда туғанмен, балалық шағым Шалқарда өтті. Кейін Ақтөбе қаласындағы орта мектепті тәмамдадым. Әрине, алыста жүрсем те тілекшімін ғой. Телеарна, газеттен елде қылмыстық оқиға болды дегенді естісем де уайымдап, адамдар аман болса екен деп отырамын. Өңірдегі руханияттың орталығы — Ахтанов театрының жұмысы жандана түссе, репертуары молайса екен деп тұрамын. Жалпы, Ақтөбе дегенде елең ете қаламын. Тек жақсы жаңалықтарын естігім келеді. Осы орайда қашықтағы хабаршым, менің әр жақсы жаңалығыма тілекші болып отыратын облыстың байырғы «Ақтөбе» газетінің редакциясына ықыласым бөлек. Таяуда Қазақстанның халық артисі атағын алғанымда публицист Бауыржан Омаровтың мен туралы жазған «Күміс күлкі» деген мақаласын жариялап, ертеректе фотограф Шүкір Шахай түсірген суретті салғанын газеттің ресми сайтынан көрдім. Туған жерімнің газеті осылай елеп-ескеріп, ұмытпағанына қуаныштымын. Былтыр көктемде осы басылымның «Ақтөбенің перзенті» айдарына сұхбат та бердім. Жалпы, редакциядағы журналистер хал-жағдайымды сұрап, елге келгенде сұхбаттасып жатады. Өнер адамына осындай көңілден артық ештеңе жоқ. Қазір ғаламтор деген жақсы болды ғой, бос уақытта газеттің сайтынан-ақ бәрін оқып, біліп отырамын.
Түсіне білгенге өнер адамдары туралы жазудың өзі — өнер. Спектакль, концерттен кейін орайын тауып сөйлесе білу бар да, өзің сұхбаттасқан адамның болмысын ашу — бөлек дүние. Сондай талантты, ізденімпаз, сауатты журналистердің «Ақтөбе» газетінің редакциясында көбейе бергенін қалаймын. Ғасырлық тойларыңыз құтты болсын! Ең бастысы, саналы, сіздерді іздейтін, шынайы тілекші оқырмандарыңыз көп болсын демекпін. Журналистер мен газет редакциясына амандық, өмірдің бар қызығын, шығармашылық табыс тілеймін.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



