Ұлу қабыршағының кереметтері
Әлемде ұлу қабыршақтарын құрлықтық және суда өсетін деп екіге бөлуге болады. Суда өсетіндердің ішінде теңіз-мұхиттық ұлулар жалпы ұлулар санының 80 пайызын құрайды. Ал теңіз-мұхиттық ұлулардың басым көпшілігі Шығыс-оңтүстік Тынық мұхитта, оның ішінде Оңтүстік Қытай теңізінде мол өседі. Бүгінде Қытайдың Хайнан теңіз алабында былқылдақ денелілердің мекендеп, өсіп-өрбуіне қолайлы жағдай жасалған. Қазір Хайнанның табиғатына тән ұлулардың мол түрі мен ұлу қабыршақтарының қайнары осы жерде шоғырланған.
Керме шымылдығына тапсырыс көп
Қазір Хайнан теңізі алабынан ұлу қабыршақтарының 2000-ға тарта түрін кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар ұлу қабыршағын қолөнер жұмысына кеңінен пайдаланады. Жұмсақ денелі, омыртқасыз жәндіктің бұл өлкеде жолбарыс жолақты, ақ нефрит, жарқырауық, меруерт, тағаша және мүйіз ұлулар секілді түрлері көп кездеседі. Өз кәсібінде ұлу қабыршақтарын кеңінен пайдаланатын шеберлер одан күнделікті тұрмыста қолданатын заттар мен сәндік бұйымдар жасауды әдетке айналдырыпты. Әсіресе, ұлу қабыршақтарынан гүлді етіп өрнектелген керме шымылдықтарын жасату үшін шеберлерге тапсырыс көп түсетін көрінеді. Ал тағаша ұлудың қабыршағы көбінесе күлсауыт жасауға пайдаланылады. Ол ыстыққа шыдамды әрі ұзақ жылға жарайды.
Бүгінде Хайнан өлкесінің халқы мүйіз ұлу қабыршақтарынан жасалған кернейді тұрмыста жиі пайдаланады. Нефриттен кем түспейтін түрлі әшекей бұйымдары мен мүсіндер — ұлу қабыршағынан жасалған қолөнер туындыларының ішіндегі ең құнды әрі баға жетпес асыл қазынаның бірі.
Теңіз түбінен табылатын ұлулар
Хайнанның ұлу қабыршағын мүсіндеу қолөнері сонау Миң дәуірінде-ақ (ХІV ғ.) өте жоғары деңгейге жеткен. Кейінгі даму барысында қолөнердің бұл түрі байырғы кокос жаңғағын мүсіндеу өнерімен тоғысып, өз алдына дара бір үлгі жаратты.
Қазір Қытайдың Шанхай өлкесінде табиғи ұлу қабыршағын сататын ең ірі базар жұмыс жасайды. Бұл жерде сатылатын ұлулардың денін Танмын қалашығының арнайы ұлу аулайтын балықшылары әкеледі. Мұндай іске кемемен шығатын балықшылар ұлу түрлерін бес саусағындай таниды. Сол себепті теңізден тасымалданатын ұлулар түріне, жасына байланысты бөлініп, сұрыпталып келеді.
Дегенмен, мұндай қауіпті іске баратын ұлу аулаушылардың қатерге ұшырайтын кездері де жиі орын алады. Өйткені теңіз кәсіпшілері эстетикалық құндылығы жоғары ұлудың және ұлу қабыршақтарының ең сирек кездесетін түрін теңіз-мұхит түбінен ғана таба алады.
Ұлу аулаушылардың кәсібі
Теңіз кәсіпшілерінің ісі бірнеше сатыдан тұрады. Ауланған ұлуларға әуелі сұрыптау жүргізіледі. Олардың кейбіреуі азыққа пайдаланылса, енді бірі
қолөнер бұйымдарын жасау үшін сұрыпталады.
Қолөнер бұйымдарын жасау үшін пайдаланылатын ұлуларға тазарту жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін ұлу аулаушылар ұлу ішіндегі жұмсақ ұлпаларды аршып, кептіреді. Кептірілген ұлу қабыршағына арнайы ерітінді (мом) жағу арқылы оны қолаңсыз иістен арылтады. Бұл орайда олар ұлу қабыршағын аса сақтықпен ұстауға тырысады. Кептірілген ұлу қабыршақтары тез сынып, үгітіледі.
Бүгінде Хайнанның Танмын қалашығында ұлу қабыршағын тірлік көзіне айналдырушылардың саны жыл сайын артуда. Мұнда ұлу қабыршағы саудасымен айналысатын отбасылар саны жергілікті халықтың елу пайызын құрайды.
Табиғи ұлу қабыршағын сатып алу үшін Қытай Халық Республикасының жер-жерінен Танмын қалашығына келетін саудагерлер көп. Әсіресе, Хайнан өлкесінен келетін саудагерлер ұлу мен ұлу қабыршақтарының түрін тез ажыратады. Өйткені ұлу қабыршақтары арқылы мәнерлеп жасалатын қолөнер ісі Хайнан өлкесі тұрғындарының ежелден келе жатқан кәсібі.
Сауда базарында табиғи ұлу қабыршағының бағасы әркелкі. Ең ірісі 100 юанға дейін бағалануы мүмкін. Ал мүсінделуі өзгеше, қанатты ұлу, алтын балталы самұрық ұлу мен жартастағы банан ұлулары 10 юанның мөлшерінде сатылады. Сауда базарында сатылатын ұлулар көп жағдайда бамбуктан жасалған себеттер ішінде жатады.
Жүрекше ұлу — махаббаттың символы
1999 жылы Хайнанның Хайланлан қолөнер бұйымдарын жасау серіктестігі тұңғыш рет табиғи ұлу қолөнер суретін жұртшылық назарына ұсынды. Ұлу қабыршағының дара сипаты қағаз бетінде кескінделген туынды бұқараның ұлу кереметтерін көруге деген ынтасын кеңейтті.
Қанатты ұлу қабыршағының сыртқы бейнесі қытайдың «水» (су) иероглифіне ұқсайтындықтан және қытайлық түсінікте ол «қазына», «байлық» деген мағынаны білдіретіндіктен, саудагерлердің оған деген ықыласы ерекше. Ал теңіз желпуіш ұлуы төрт түсті қабыршақтардан құралатындықтан, жергілікті тұрғындар түсінігінде ол «көктем, жаз, күз, қыс» сияқты төрт маусымға уәкілдік етеді әрі өзіндік поэзиялық мән-мағына алады. Жартастағы банан ұлуы бейне бір қанат жайып, ұшып бара жатқан құсқа ұқсайтындықтан, жастардың оған деген қызығушылығы жоғары.
Бүгінде түсті қабыршақты теңіз бұзаубасының «қос көбелек» немесе «гүлге құштар көбелек» деген қосалқы аты бар. Сүйіспеншілік пен махаббаттың символы саналатын жүрекше ұлу, тараққа ұқсас венера ұлуы (Хайнанның өзінде тарақ ұлу деп аталады) сияқтылардың өзі ерекше мазмұнға ие.
Табиғи ұлу қабыршағының ең тамаша сатылу кеңістігі — сый-сыяпаттар базары. Мұндай өнімдер Пекин, Шанхай, Шынжын секілді үлкен қалалардан бастау алып, Еуропа, АҚШ елдеріне дейін тасымалданады.
Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.



