Шырша, отшашу: өрттен сақтаныңыз!
Брифинг
Желтоқсанда еліміз бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланды.
Әсіресе Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы түрлі іс-шаралар, ойын-сауық кезінде өрт қаупі өршиді. Осыған байланысты айлық аясында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу көзделген.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиынға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Евгений Овчарский қатысты.
Өткен 11 айда облыс аумағында 512 өрт оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, былтырғы жылмен салыстырғанда өрттің саны 4,2 пайызға көп тіркеліп отыр.Өрт кезінде қаза тапқандар мен жараланғандар да бар.
Ал материалдық шығынның мөлшері 280,1 миллион теңгеден асқан. Тұрғын үй секторындағы өрт көбіне күнделікті тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан шығады. Тұрғын үйлерде тіркелген өрттің 85 пайызы адамдардың салғырттығынан болған.
Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен айлық басталғалы бергі уақытта өрт сөндірушілер полициямен және еріктілермен бірлесіп — 60 рейд, ал мекемелерде ондаған жиындар мен кездесулер өткізген. Сонымен қатар БАҚ, әлеуметтік желілер, радиотараптар арқылы хабарламалар, ескертпелер таратылған.
Сөз соңында мамандар Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелік шаралар барысында есте ұстау керек ережелерге тоқталды. Соның ішінде шыршаны пеш, батарея басқа да жылу көздерінен алыс орнату керектігі айтылды. Егер үй жануарлары бар болса, гирляндтардан бас тартқан дұрыс.
Балалардың шырша маңында сіріңке, майшам, т.б. қауіпті заттармен ойнауына жол бермеңіз.
Отшашу, басқа да түрлі пиротехникалық бұйымдарды ағаштар мен ғимараттардан аулақ, ашық алаңда пайдаланады. Ақауы бар өнімдерді қолданбаңыз. Қатты жел (жылдамдығы 5 м/с және одан артық болса) кезінде пиротехниканы қолдануға қатаң тыйым салынады. Пиротехника ылғал болса, оны үйде кептірмеңіз және пиротехникалық бұйымдарды балалардың өз бетімен іске қосуына жол бермеңіз.
Өрт тұтанған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлері арқылы хабарлаңыз. Қолда бар құрал-жабдықтарды(өртсөндіргіш, су, құм) пайдалана отырып, өртті сөндіру мүмкін болмаса, тез арада ғимараттан шығып кетіңіз.
А.САРЫБАЙ.