Ел қорғаны — Сапура
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Қазақтың қайсар қызы — Сапура» атты тарихи-танымдық кеш өтті.
Бұл — «Тарихы терең Ақтөбе» жобасы аясында өткен іс-шара.
Батыр қыздың ерліктерін үлгі ете отырып, батырлық пен ерлік ұғымдарының терең мағынасын ашуды мақсат еткен танымдық кешке облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетов, «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ ардагерлер ұйымының төрағасы Боранбай Абдулла, филолог-өлкетанушы, «Аманат» экспедициясының жетекшісі Жібек Абдуллиналар, сондай-ақ кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.
Кеш барысында Сапура Мәтенқызының ерлікке толы өмір жолы баяндалып, жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, ізденуге шақырды.
Сапура Мәтенқызы сонау он сегізінші ғасырда, нақтырақ айтсақ 1753-1776 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол Қобда өзені бойын мекендеген Мәтен батырдың отбасында туған. Тарихи деректерде Сапура Мәтенқызының өмір сүрген уақыты Пугачев көтерілісі кезеңі екені айтылады. Бұл — қазақ халқының, әсіресе Кіші жүз аумағының Емельян Пугачев көтерілісінен кейінгі түрлі жазалаулардың зардабын тартып, ел еңсесі түскен шағы екен. 1775 жылдың күзінде Елек, Қобда өзендері сағасында отырған табын, тама руларының халқы атқа мініп, ереуілге шығады. Бұл қозғалыс тарихта «Көктемір көтерілісі» деген атқа ие болады. Ал сол ереуілдің қозғаушысы — Сапура Мәтенқызы.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері Рысжан Қарағұлова «Ел қорғаны — Сапура Мәтенқызы» тақырыбындағы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Кеште тақырыпқа байланысты ән-жырлар оқылды. Атап айтсақ, ақын Гүлжайнар Қалдина Сапура Мәтенқызына арналған дастанынан, ал Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің оқушылары — Ақиба Жұмағұлова, Шаттық Сәрсенбаева, Ақжан Ахмедиярлар ақын Ізтай Мәмбетовтың «Көктемір» поэмасынан үзінді оқыды. Жас оқырман, Ақтөбе қаласындағы №75 орта мектеп оқушысы Салтанат Аманғали батыр қыз туралы қысқаша мәліметтермен бөлісті.
Арайлым НҰРБАЕВА.