Жаңа ақпараттық жүйе

Кеден
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Кеден» аталатын жаңа кедендік ақпарат жүйесін әзірлеп жатыр.
Ол кедендік декларациялау мен әкімшілендіру үшін пайдаланылатын болады.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде «Сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алуы туралы» тақырыбында өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиынға облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшылары — Дәуренбек Жұмағазин мен Шынтас Бірімжанов және осы департаменттің кедендік реттеу басқармасының бас маманы Фархат Мамаев қатысты.
Бизнес пен мемлекеттік сыртқы экономикалық қызмет саласындағы іс-қимылдарды бірлесе атқаруға арналған жаңа жүйе мынадай мүмкіндіктер ұсынады: электрондық декларациялау, кедендік декларацияларды ыңғайлы форматта ресімдеп, басып шығару; декларацияларды дұрыс толтыру үшін өзгерістерді ескере отырып, қажетті деректер ұсыну; әртүрлі кедендік төлемдерді автоматты түрде есептеу. Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасынан тауардың аты не коды бойынша іздеу, тауар номенклатурасына қатысты түсіндірмелер, т.б. қосымша қызметтер де қарастырылады.
Осы салада қызмет көрсету қазіргі қолданыстағы «Астана — 1» және «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» жүйелерінен бірте-бірте «Кеден» ақпараттық жүйесіне көшірілетін болады. «Кеден» порталына тіркелуге қатысты сұрақтар мен ұсыныстар info@keden.kz арқылы қолдау қызметіне жіберіледі. Қолдау қызметі дүйсенбі мен жұма аралығында сағат таңертеңгі 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді.
А.САРЫБАЙ.



