Жаңалықтар

Құрмет пен тағзым

Турнир

Ақтөбе қаласындағы  «Алихан» спорт кешенінде Шалқар қаласы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің  1992 жылы туған түлектері өмірмен ерте қоштасқан сыныптас достарын еске алып, футболдан турнир өткізді.

Турнирге кезінде аталған мектепте класс жетекшісі болған бүгінде Ақтөбе қаласы №37 ОМ-нің директоры Ардақ Назиков, дене тәрбиесі пәні мұғалімі Мейрамбек Жанаманов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Жансәуле Дәулетова  және бақилық болған достарының ата-аналары, бауырлары қонақ ретінде қатысты. Футболға балалық  шағын бірге өткізген әр түрлі жастағы жігіттерден жасақталған 13 команда  қатысты. Марқұмдарға бағыштап, құран оқылды.

Кластағы үздік оқушы Қымбат Тілеубаева бар болғаны 17 жасында кенет жабысқан дерттен, Амангелді Ысқақов 22 жасында жол апатынан, Тоқтар Сахуадинов судан, Бағдат Жақсылықов 31 жасында жүрек ауруынан өмірден өткен еді.  Ең өкініштісі – төртеуі де отау құрып,  жапырақтарын жая алмай, қыршын кетті.

2000 жылдардағы шәкіртім, қазіргі таңда Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің   тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Ермағанбетов шақырту жіберіп: «Апай, бізбен бірге болыңыз, сізді күтеміз», — деген күннен бастап сол жылдар көз алдыма келе берді. Қыршын кеткен шәкірттерімді ойлап, жүрек қан жылады. Ананы баламен сынамасын деген нәзік тілек бар, маған ұстазды шәкіртпен сынамаса екен деген ой келді.

Амангелді мен Тоқтарға тек 4-класта сабақ бердім. Кейін сағат санының ретіне орай, тек «Б» класын маған бекітті де, «А» класы басқа тәжірибелі ұстазға берілді. Есімде қалғаны, Тоқтар ер баланың көріктісі еді, тым ұқыпты шәкірт болды, тек жазуы нашар болатын. Амангелді қуақы, тілінің уыты бар, өзі күлмей отырып, қойып қалғанда барлығымыздың ішек-сілемізді қатыратын. Ал Қымбат пен Бағдаттың 8-класқа дейінгі барлық балалық шағы көз алдымызда өтті. Ол кездері жас маман болатынмын, тәжірибем аз, бірақ соған қарамастан осы кластың оқушылары мені қатты жақсы көрді. Бірде Алматы қаласында консерваторияда оқып жатқан мектеп түлегі Г.Аманбаева келіп, концерт өткізді. Әуезді әннің жетегінде отырып, түстен кейінгі сабағымның басталып кеткенін де байқамай қалыппын. Класқа жүгіріп келсем, тып-тыныш. Жайлап есікті ашсам, барлық оқушы орындарында тып-тыныш отыр екен. «Неге шуламадыңдар?» — деп таңғалсам, марқұм Қымбатым: «Кім Жансәуле апайды жақсы көреді, сол дыбысын шығармасын», — дегенде бәрі тына қалыпты. Шәкірттердің ықыласы осындай болатын. Түрлі байқауларға, пән олимпиадаларына қатысатын белсенді оқушыларым еді. Қымбат ақпараттың бәрін миына жазып алатын ерекше шәкірт болып еді, әттең…

Сағат санының жеткіліксіздігінен Ақтөбеге ауысуға мәжбүр болдым. Оқушыларым мен кеткен соң көпке дейін мұңайып, өкпелеп жүрді. Бірде Қымбат: «Апай, сізсіз мектеп қызық емес маған, 9-класс бітіргенше ғана шыдаймын», — деген. Уәдесінде тұрып, негізгі мектептен кейін АПК колледжіне оқуға түсті. Нағашы апасының үйінде жатып, Кірпішті елді мекенінен сабаққа қатынады. Қасында ата-анасы болмағасын болар, салқын күндері жалаңбас жүріп, менингит ауруына шалдықты. Кейде мен қалаға ауыспағанда Қымбат орта мектепті бітірер еді, мұндай ауруға шалдығып, қызғалдақ ғұмыр ерте үзілмес еді деген өкінішті ой келеді. Бәрі бір Алланың қолында ғой… Қымбаттың қазасын көтере алмай әкесі кетті артынан. Күмбірлеген домбыра үнін жүректегі мұңға алмастырған Гүлзира апайдың «Ақ Қымбатым», — деген мұңды дауысын естімегелі де жылдан асты. Бір отбасының оты өшті…

Өмірсай ағамның БаҺадүрі (Бағдат) бала кезінде өте әділ болатын. Әділетсіздікке жаны төзбей, бірдеңені дәлелдегенде күйіп-пісетіні есіме түссе, әлі күнге еріксіз жымиямын. Сабағын жақсы оқып, тәртіпті болып қана қоймай, айналасын соған үндеп, насихаттап жүретін. Әділетсіздікке жаны төзбейтін жақсы шәкірт мына өмірдің кейбір әділетсіздігін көтере алмағандай жүректен кетті. Артында боздап анасы қалды.

Өмірден ерте кеткен осындай достарды еске алған турнир өте тартысты өтті. Бірінші орынды аға буыннан 1991 жылғылар, орта буыннан 1996 жылғылар иеленді. Ұйымдастырушы 1992 жылы туған шәкірттерімнің барлығына алғыс айтамын. Қыршын кеткен достарыңды ұмытпаңдар, енді Алла орталарыңды сиретпесін деген ұстаздық тілек тіледім. Алла қабыл еткей!

Жансәуле ДӘУЛЕТОВА,

турнирді ұйымдастырушы түлектердің

ұстазы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button