Біздің оқушылардың жеңісі
Байқау
Жуырда Астана қаласында «Бала шабыты» халықаралық конкурс жобасы аясында өткен «ART PLANET» байқауында«Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді.
Үлкен сахнаға шығып, көптің алдында өнер көрсеткен 6 оқушымыз мәнерлеп оқу бағыты бойынша үздіктер қатарынан табылды.Атап айтсақ, Еркеназ Қалиева С.Сейфуллиннің «Бетпақдала» өлеңін нақышына келтіріп оқыса, Арайлым Тәңірбергенқызы М.Жақсылықтың «Байғұс бала» өлеңін жатқа айтып, көрермендерді жылатты. Сондай-ақ Ботагөз Әлібекова С.Торайғыровтың «Ағайынның қадірі», Құралай Үсенқызы А.Темірбайдың «Уақыттың қадірі», Әділ Сукашев М.Шахановтың «Төрт ана» өлеңін оқып, көпшіліктің көзайымына айналды. Ал Камила Аманбай Ершат Қайболдиннің «Тоқта, бала» өлеңімен жиналғандарды ана тілді құрметтеуге шақырды.
Қазылар алқасының төрелігімен бас жүлдені екі оқушымыз — Еркеназ Қалиева мен Құралай Үсенқызыиеленді. Ал Арайлым мен Әділ бірінші орынды жеңіп алса, Ботагөз бен Камила екінші орынға лайықты деп танылды.
Байқау барысында жас дарынды балаларды тәрбиелегені және ел мәдениетінің дамуына үлес қосқаны үшін «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқытушылары Айсын Байтақова, Гүлия Айтуғанова, Аягөз Асанова Алғыс хатпен марапатталды.
Астана қаласына барған оқушылар тек конкурсқа қатысып қоймай, елорданың зәулім ғимараттары мен көрікті жерлеріне экскурсия жасады. Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызымен кездесіп, ойларында жүрген сұрақтарын қойды. Өз ісінің маманы журналистика саласының қыр-сырымен бөлісті. Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар көп нәрсені көкейіне түйді.
Сондай-ақ оқушыларымыз «Жастар» театрына барып, «Алғашқы махаббат» қойылымын тамашалады. «Қазақ» радиосына барып, ондағы бағдарламалардың қалай өтетінін көріп қайтты.
Гүлия АЙТУҒАНОВА,
Радиожурналистика мектебінің оқытушысы,
Ақтөбе қаласы.