Қаратоғай ауылында жаңа спорт кешені ашылды
Бұл жоба 2021 жылы бастау алған.
Қаратоғай ауылында көптен күткен спорт кешені есігін ашты. Президенттің бұқаралық және балалар спортын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, жаңа нысан ауыл жастарына дене шынықтырумен және спортпен айналысуға үлкен мүмкіндік береді.
3 жыл бұрын «Ер-Қанат сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, металл конструкциялардың толық монтаждау жұмыстары жүргізілді. Алайда, 2022 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба уақытша тоқтатылды. Мердігер жобалық-сметалық құжаттаманы қайта түзету қажеттігін алға тартты.
Облыс әкімінің бақылауында болған құрылысқа биылғы жылы Мәртөк ауданының бюджетінен 219 миллион теңге бөлініп, тоқтап қалған жұмыстар қайта жанданды. Бүгінгі таңда спорт кешені толық дайын.
Қазірдің өзінде спорт кешенінде 42 бала қазақ күресімен тұрақты түрде айналысуда. Алдағы уақытта кешенде волейбол, футбол, еркін күрес, тоғызқұмалақ және үстел теннисі секілді спорттық үйірмелер ашу жоспарлануда.
Нысанның ашылуымен бірге 10 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Медет Ысқақов қатысып, жиналған ауыл тұрғындарын құттықтады. Ол өз сөзінде бұл кешен ауыл жастарының спорттық белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға маңызды үлес қосатынын алға тартты.
Д.АЙДАР.