Amanat партиясы: әйелдер қанатының тынысы
Бүгінде облыста белсенді әйелдердің қатары артып отыр. Қазіргі таңда өңірде жұмыс істеп тұрған компанияларды басқаратын әйелдердің үлесі 51,1 пайызға жеткен. Ал облыстағы жалпы кәсіпкерлердің 56,5 пайызы — әйелдер. Көшбасшы әйелдердің ең көбі, яғни 70 пайыздан астамы білім беру саласында еңбек етеді.
Amanat партиясының біздің облыста 32 мыңнан астам мүшесі болса, оның 20 мыңға жуығы — әйелдер.
Облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 205 мандаттың 46-сы немесе 22,8 пайызы әйелдердің үлесінде.
Партияның облыстық әйелдер қанаты бар. Оның төрағасы Күлшат Масалимова ауыл әйелдерінің мәртебесін көтеру мақсатында бірнеше кездесулер өткізді.
Ауыл әйелдерінің ішінде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Түрік елінен Ауылдық Қауымдастығы Федерациясының Президенті Сермин Чакалыоғлы арнайы шақыртып, «Ауыл әйелдеріне берілген мүмкіндіктер» атты семинар ұйымдастырды.
Ауылдағы әйелдерге шағын бизнес ашу жолдары, бизнесті дамытуға арналған гранттар, жұмыспен қамту шаралары, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, ауыл кооперативтерінің бүгіні мен болашағы туралы жан-жақты ақпараттар айтылды. Жиында әртүрлі салада жұмыс істейтін іскер әйелдер өзара тәжірибе алмасып, ақпараттарымен бөлісті.
— 2020 жылы «Кока-кола белестері» арқылы 4 мың АҚШ долларын ұтып алдым. Қазір он шақты ешкі бағып, 20 түрлі өнім шығарып отырмын. Отбасымызбен малды жайлаймыз, шөп саламыз, лақтарды еміземіз. Істеріңізді бастау үшін қорықпаңыздар, өздеріңізге сенімді болсаңыздар,қолдарыңыздан барлығы келеді, — деді Мәртөк ауданы тұрғыны Сәния Коханова.
Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Түркі мәдениеті: бірегейлікті сақтап, әйелдерді біріктіру» атты форум өтті. Кездесуде этнограф, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері Бұлбұл Қәпқызының «Киіз үй» кітабының тұсау кесу рәсімі өтті. Форумнан соң «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіптерін бастаған ауыл әйелдері өз қолдарынан шыққан бұйымдарын көрмеде таныстырды. Бұл жоба бойынша облыста қазіргі уақытта 2706 жобаға15,1 миллиард теңге көлеміндегі несие берілді, оның 1249-ы — әйелдерге тиесілі. Партияның облыстық әйелдер қанатының төрағасы Күлшат Масалимованың айтуынша, ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық қолөнер туындыларын насихаттауға көңіл бөлгеніміз дұрыс.
— Халқымыздың тұрмыста жиі қолданатын өру, тігу, тоқу сияқты қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Біз ұлттық қазығымыздан ажырамас үшін түп-төркінімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан қазақ халқының табиғатына сай келетін қолөнерімізді жоғалтпауға күш салғанымыз жөн, — деді ол.
Сонымен қатар «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Әйелдер қанаты балалар күніне орай «Аяла» арнаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж балаларды қолдау орталығы тәрбиеленушілерін «Сарқыт» мұражай-мейрамханасына түскі асқа шақырып, ас мәзірін дайындау, тігін тігуден мастер-класс ұйымдастырылды.
Аниматорлар бүлдіршіндерге қызықты бағдарламаларымен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жаз айында Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының мүшелері және облыстағы көшбасшы әйелдер Мәжіліс депутаты, Amanat фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменовамен кездесті.
Кездесуде әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған Amanatпартиясының жұмысы айтылды.
Меңтай БЕКТҰРСЫНОВА,
Ақтөбе қаласы.