20 адам жұмыспен қамтылды
Кәсіпкерлік
Бейсенбі күні Ақтөбе қаласында алюминий бұйымдарын бояйтын цех ашылды. «Anescom» өндіріс орны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен іске қосылды.
Қазақстан нарығында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, ел ішінде бес филиалы бар «Аnescom» ЖШС —көптеген шетелдікірі өндірушілердің ресми өкілі. Сол компанияның өңірдегі өкілдігі ретінде жұмысын бастаған цехта автоматтандырылған конвейерлік желі архитектуралық қасбеттік материалдарды, жиһазға арналған қосалқы бөлшектерді, фурнитураны, басқа да бұйымдарды еуропалық RAL түстер стандарты бойынша бояйды. Өндіріс қуаты — күніне 5 тонна.
— Өндірісте қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтатын және ресурстарды ұтымды пайдалануға ықпал ететін озық технологиялар қолданылады. Жаңа өндірістің ашылуы жұмыс орындарының көбеюіне, салық түсімдерінің артуына ықпал етіп, өңір экономикасын нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде жаңадан 20 жұмыс орны құрылды.
«Даму» қорының демеуімен ақтөбелік ерлі-зайыпты банктен 600 миллион теңгені 5 жылға несиеге алды. Жеңілдетілген мөлшерлемемен алынған қарыз біздің қолдаудың арқасында жүзеге асты, — дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ақтөбе филиалы директорының орынбасарыАйнагүл Ниязова.
Жалпы ауданы 3160 шаршы метр аумақтағы ғимаратта ірі тапсырыстардың өзін қысқа мерзімде орындауға мүмкіндік бар.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.