«Антифрод» жүйесі тиімді ме?
Киберқылмыс
Биыл өткен он айда облыста 676 киберқылмыс тіркелді.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Алаяқтардың жаңа және стандартты емес схемалары: олардан қалай қорғануға болады?» тақырыбында өткен брифингте айтылды.
— Киберқылмыс — киберкеңістікте қолжетімді құралдар мен құрылғылар арқылы жүзеге асырылатын, заңмен қорғалатын әртүрлі әлеуметтік қатынастарға зиян келтіруге бағытталған қашықтан жасалатын қылмыс. Биыл облыста интернет алаяқтық фактілері бойынша тіркелген 676 қылмыстық іс жүргізілді.Биыл келтірілген залалдың жалпы сомасы 1313745, 804 теңгеден асады.Облыс бойынша 203 қылмыстық іс аяқталды, оның 61-і сотқа жіберілсе, 115 іс тоқтатылды.Қазіргі таңда «Антифрод» жүйесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Онда150 шот бұғатталып, жәбірленушілерге жалпы сомасы18733777 теңгеден астам қаржы қайтарылды, — деді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмұрзин.
Баспасөз мәслихатында спикер қазір алаяқтықтың жаңа түрлері көбейіп кеткенін айтты.
— Қазіргі кезде «Бөліп төлеу» акциялары көп. Сол себепті интернет-алаяқтар тұрғындарды үйде отырып ақша табу үшін жеке кәсіпкерлік аштырып, солардың атынан халықты қашықтан алдау деректері жиі кездеседі. Сондай-ақ түрлі сайттардан тез баю жолдарын іздейтін тұрғындар көп кездеседі, — деді ол.
Киберқылмыстың бұрыннан келе жатқан әдістерінің бірі — ұялы телефондарға қондырылған «Анидеск», «Кенгуру», «Хоптодеск» қосымшаларын қашықтан басқару арқылы қаражаттарын иемдену.
Оның айтуынша, алаяқтардың қандайда бір аудиториясы болмайды. Олар кез келген тұрғынға хабарласып, олардың сеніміне кіру арқылы өздерінің ойларын жүзеге асырады. Олардың бар мақсаты — тұрғындардың қаражатын иемдену.
Баспасөз мәслихатында спикер полиция департаменті тарапынан бұл бағытта Ақтөбе қаласы әкімдігімен бірлесе профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Арайлым НҰРБАЕВА.