Жаңалықтар

Іскер әйелдерге арналған шеберлік сағаты

Семинар

11-12 қараша күндері «Aqtobe IT Hub» орталығында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы «JasAqtobe-2022» қоғамдық қорымен бірлесіп әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру мақсатында «Tomiris» ақпараттық-оқу бағдарламасын өткізді.

Семинар-тренингке әр ауданнан түрлі қызметтегі 20-дан аса іскер әйелдер қатысты. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, семинар екі күнге жоспарланған. Оларға медиа-тренер, журналист Салтанат Оңғардәріс өткізді.

Бүгінде қыз-келіншектер қоғамның барлық саласында да белсенді. Ауылдың әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген кәсіпкер, іскер әйелдер көп. Сондықтан олардың еңбегін бағалап, қолдау білдіру үшін маңызды қадамдар жасалуға тиіс. Осы мақсатта аудандардағы іскер, көшбасшы қыз-келіншектердің басын қосып, семинар-тренинг ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерде іскер әйелдерге тиімді келіссөз жүргізудің, бизнес серіктестермен, тұтынушымен дұрыс диалог құру жөнінде кеңестер айтылып, көпшілік алдында сөйлеудің қыр-сыры үйретілді, — деді М.Қорғанбаева.

Коммуникациялық процестің ерекшеліктері менкөпшілік алдында сөйлеу мәдениеті туралы медиа-тренер, журналист Салтанат Оңғар өз тәжірибесімен бөлісті.

Қатысушы іскер ханымдар өте белсенді, кеңес, білім алуға құштар. Алайда істеген ісін көрсетуге, келіссөз жүргізуге, көпшілік алдында сөз бастауға ұялатын адамдар бар. Ал еркін сөйлеп, ойды ашық жеткізу үздіксіз үдерісті қажет етеді. Сонымен қатар мәнерлі дауыс, еркін ой адамның өзіне деген сенімділігін білдіреді. Тренинг барысында артикуляциялық жаттығулар жасап, дыбыстың қысылмай, анық шығуын реттедік, — деді Салтанат Оңғар.
Аталған семинар-тренинг қызу әрі қызықты өтті. Қатысушылар тәжірибе жүзінде жаттығуларға қатысып, өзінің мүмкіндіктерін шыңдап көрді.

—7 жыл бұрын  Алға қаласында тігін шеберханасын аштым. Кәсіппен айналысқандықтан әрқашан ізденісте болып, осындай семинарларға қатысып жүрмін. Екі күнге созылған семинар-тренинг өте қызықты өтті. Кәсібім бойынша көп келіссөздер жүргіземін. Жіберетін қателіктеріммен жұмыс істеп, олқылықтарды болдырмас үшін алған ақпараттардың пайдасы тиеді деген сенімдемін. Білім алу қашанда пайдалы, — деді алғалық іскер келіншек Рано Ізбасарова.

Қорытынды сабақтан соң қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button