Жаңалықтар

Сарапшылар дәріс оқыды

Семинар

Ақтөбеде «Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» жобасының аясында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған екі күндік семинар өтті.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің дін істері комитетінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Семинарға ақпараттық-талдау орталықтарының, мешіттердің қызметкерлері, орта және жоғары оқу орындарының мамандары, психологтер, БАҚ өкілдері, т.б. қатысты.
Астанадағы конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының діни ахуалды мониторингтеу және талдау департаментінің бас сарапшысы Дулат Жақиянов семинарға қатысушыларға дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, жаһандық тұрғыдан алғандағы, қазіргі қауіп-қатерлер туралы бірнеше дәріс оқыды.
Ол өңірлердегі діни ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұрудың маңыздылығын айта келіп, қандай да бір проблемалардың жергілікті жерде шешімін таппаған жағдайда, республикалық деңгейде шара алу арқылы реттелуі мүмкін екендігіне тоқталды.
Соңғы кезде қоғамда дін қызметкерлерінің сөзінен бір пікірді бөліп алып, сол арқылы дінді ұлттық құндылықтарға қарсы құбылыс ретінде көрсетіп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоюға тырысатындар бар. Керісінше, кейбір ағымдар көпшіліктің сынынан кейін, бұрынғы «белсенділігінен» бас тартып, «жұмсақ», жасырын сипаттағы іс-әрекетке көшкен. Дулат Жақиянов осы жайттарға әлеуметтік желі арқылы талдау жүргізіп отырудың, елдегі діни ахуалға ықпалы жоғары ішкі және сыртқы факторларды анықтаудың әдістеріне, т.б. мәселелерге тоқталды.
Облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының қызметкері Нұрмұхаммет Разақов «Рухани ізгілік және зайырлы қоғам» тақырыбында дәріс оқып, зайырлы қоғамдағы діни құндылықтар, халықты ортақ рухани мақсатқа жұмылдыру мәселелеріне тоқталды.
Дәріскерлер семинарға қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button