Жаңалықтар

Ақтөбелік оқушылар күзгі каникулды қалай өткізді?

Демалыс

Күзгі каникул — оқушылардың асыға күтетін уақыты. Жазғы ұзақ демалыстан кейін, қысқа да болса, демалыстың орны бөлек. Көп ата-аналардың балалармен сапалы уақыт өткізуге уақыттары бола бермейтіндіктен, білім беру ұйымдары өз тәрбиеленушілерінің демалысты пайдалы өткізулерін қамтамасыз етуді ұйғарды.

Бұған былтыр қабылданған «Біртұтас мектеп» бағдарламасының шарттары да
ықпал етіп отыр.
Облыстық кітапханалар да әр кез кішкентай оқырмандарын асыға күтеді. Биыл «Оқуға құштар мектеп» акциясы аясында «Демалыста кітап оқимыз» атты іс-шара өткізіліп, жүздеген мектеп оқушысы кітапханалардан кітап алып оқыды.

Ал Ақтөбе қаласындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқушылары Керамикалық орталықта болып, құмыра жасау өнерін игерді. Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектептің балалары «ADYRNA» садақ ату орталығына барып, садақпен атуды үйреніп келді.
Облыс оқушыларының басым көпшілігі музейлерде болып туған өлкенің тарихына қанықты. Мысалы, Әл-Фараби атындағы №21 мектеп-гимназияның және №33 мектептің балаларына және Шалқар ауданының оқушылары музейде болып, ондағы экспонаттарды тамашалады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №33 мектептің оқушылары «Алақай» қуыршақ театрына барды.
Осы демалыста тағы бір айрықша іс-шара өткізілді. Әл-Фараби атындағы №21 мектеп-гимназиясының оқушылары «Ата-анамның жұмысындағы бір күн» челенджі аясында қаладағы жұмыс орындарында болып, ата-анасының қандай жерде жұмыс істейтінінен хабардар болды.
Қала оқушылары қайырымдылық іс-шаралардан да тыс қалмады. №36 және №15 орта мектеп оқушылары «Үміт» балалар үйінде болып, тәрбиеленушілерге тәтті сыйлықтарын беріп қайтты.
«Қамқор» акциясы аясында туған өлкеге экскурсиялар ұйымдастырылып, Темір және Қобда ауданының оқушылары тұрғылықты жердің табиғатын тамашалауға шықты. Алғадағы №3 мектептің ата-аналарынан құрылған «Әкелер клубының» мүшелері балаларды табиғат аясына жорыққа алып шықты.
Соңғы кезде өзекті мәселенің біріне айналып отырған буллингке қарсы облыс мектептерінде «Буллингтен қорған!» сабақтары жүргізілді. Балаларды жат әдеттен сақтандыру және келеңсіз жағдайлардың алдын алу шараларының бірі ретінде «Жастар. Жігер. Болашақ» форумы өткізіліп, оған үш мыңға жуық оқушы қатысты.
Каникул кезінде, әдеттегідей, қала мектептерінде работотехника, ән-күй, спорт шаралары өткізіліп, оқушылар жүлделі орындарды иеленді.
Көріп отырғанымыздай, күзгі каникулды оқушылар көңілді ғана емес, пайдалы етіп өткізу үшін білім беру ұйымдарының ұйымдастырған шаралары жетерлік. Ұйымдастырушылар аталған шаралардың балалардың дені сау, білімді де білікті болып өсуіне септігі тиеді деп сенеді.

Асылгүл АЙДАРОВА,
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button