Оқушылардың ақпараттық кеңістігі
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектепте оқушылардың ақпараттық кеңістігі тақырыбында сыр-сұхбат кеші өтті.
Әуелі мектеп директоры Әлима Сақауова жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
— Мектебімізде үш жылдан бері «Жас өркен» мектепішілік газеті шығады. Оны оқушылардың өздері әзірлейді. Белсенділері болашақта журналист болғылары келеді, — деді мектеп директоры.
Кешке облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жанғабыл Қабақбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Гүлсім Романқұлова, қалалық Оқушылар сарайының қызметкері Нұрлан Орақова, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының журналисі Жақсыбек Кемал шақырылды. 10-11-сынып оқушылары қонақтарға мемлекеттік тілге, баспасөзге және телеарнаға қатысты сұрақтарын қойып, сыр-сұхбат жасады. Қонақтар белсенді оқушылардың пысықтығына, зеректігіне риза болып, өз салалары бойынша жауап берді.
Жанғабыл Қабақбаев басқарма атынан мектепке Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» секілді аудиокітаптар, әлем әдебиеті классиктерінің сериясы мен қазақ тіліне аударылған бірқатар кітаптар, «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» атты он бес томдық сериялы кітаптар табыс етті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



