Модульдік оқуға құжат қабылданып жатыр

Брифинг
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқуға қабылдаубасталды. Құжаттар академияның арнайы ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта 1-30 қараша аралығында қабылданады.
Осы тақырыпта өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аталған академияның облыстық филиалының директоры Саида Сәдуақасова модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқу әрі құжат қабылдау науқанының қалай жүргізілетінін жан-жақты түсіндірді:
— Модульдік оқыту — негізгі жұмыстан қол үзбей білімі мен білігін арттырғысы келетін азаматтарға арналған әдіс. Оқу бағдарламасы 6 модульден тұрады. Әрбір модульде офлайн және қашықтан оқыту форматтары қарастырылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын арнайы кесте бойынша ыңғайлы түрде игеруге мүмкіндік береді, — деді ол.

Оның айтуынша, конкурсқа мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор мамандары, сондай-ақ депутаттар да қатыса алады. Бір жылда «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму» сияқты бағдарламаларды игеру үшін үміткерлердіңоқуға түсуіне мүмкіндігі бар.
— «Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасын игеруде үміткерлердің басшылық лауазымдарда кемі 2 жыл жұмыс өтілі болуы қажет.«Өңірлік даму» білім беру бағдарламасына түсушілерден декемі2 жыл жұмыс өтілі талап етіледі.
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органның басшысы қол қойған жолдамамен келеді. Сонымен қатар құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы қажет, — деді Саида Сәдуақасова.
Спикер биыл оқуға қабылдау ережелеріне бірнеше өзгерістің енгізілгенін де айтты.
Арайлым НҰРБАЕВА.



