Мемлекеттік қызметші болу — үлкен міндет
Дәріс
Дүйсенбі күні облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, оларға «Аймақты басқарудағы заманауи міндеттер» тақырыбында дәріс оқыды.
Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалы ғимаратында ұйымдастырылған іс-шараға қайта даярлау курсы және біліктілікті арттыру семинарының тыңдаушылары жиналды. Олардың дені — ауылдық жерде түрлі мемлекеттік қызмет атқаратындар.
—Жыл өткен сайын мемлекеттік қызмет саласы дамып, жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Үкімет тарапынан талаптар күшейіп, жауапкершілік жүгі артпаса, кеміген жоқ. Кімнің қабілеті жетеді, жаңашылықтарға дайын — сол мемлекеттік қызметте тұрақтап қалады.
Мемлекеттік қызметке келген адам білімді, өз-өзіне сенімді, қоғаммен байланыс орната алатын қасиетке ие болуы керек. Халық — сыншы. «Билікке келдім, өзгелер енді мені тыңдасын» деген пиғыл болса, алысқа бармайсың. Кез келген мәселеге дайын болып, оны шешуде халықпен бірлесіп отыра іс атқару керек. Мәселен, кешегі су тасқыны халықтың ауызбіршілігін арттырды. Мемлекеттік көмекке қол жеткізген тұрғындардың билікке сенімі пайда болды. Соны жоғалтып алмас үшін әрі қарай жұмыс істеу қажет. «Кемедегінің жаны бір» екенін ұғындырып, көпшілік қолдағанда ғана бәрін еңсеруге болатынын ұғындырсақ игі.
Қай істе болсын, заңды басшылыққа алып, ашық болсақ, «Әділетті Қазақстан» идеясын іс жүзінде қолдасақ, сіз бен бізге ортақ мемлекеттік қызметке құрмет те, қолдау да артады. Әр мемлекеттік қызметші нысаналы индикаторды орындап, жоспарланған істі сәтті жүзеге асыруды, негізгі кәсіби міндетіне адал болуды ойласа, бұл бағаланбай қалмайды.
Бүгін жоспардағы жиынды шегеріп, сіздермен кездесу үшін арнайы уақыт тауып келдім. Ондағы ойым — мемлекеттік басқару академиясына келген сіздерге мұндай біліктілікті арттыру курсына атүсті қарамай, аз дегенде бір нәрсені үйреніп, соны жұмыс барысында қолдану керек екендігін, мұндай семинарға Үкіметтен қыруар қаржы бөлінетінін естеріңізге салу. Сондықтан қай істің де сұрауы барын, әр мемлекеттік қызметшінің Үкіметтің айнасы екенін ұмытпау керек. Абыройлы қызметті талапқа сай, адал атқару — негізгі міндеттеріңіз, — деді Асхат Берлешұлы.
Дәріс барысында облыс әкімі ауыл әкімдері, бөлімнің сектор меңгерушілері, бас мамандар, т.б. тыңдаушыларға мемлекеттік қызметке қатысты сұрақтар қойып, өзінің еңбек жолы туралы әңгімеледі. Арасында бюджеттің кіріс-шығысын білмейтін ауыл әкімдерін, кадрды іріктеуге мән бермейтін басшыларды, жалпы жұртшылықпен байланыс орнатуға шорқақ қызметкерлерді сын тезіне алды.
Соңында Мұғалжар ауданы Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаева, Шалқар ауданыЖаңақоныс ауылдық округінің әкімі Серік Боранбай, т.б. сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.